Шымкент қаласының «Инновациялық-технологиялық колледжі» жеке мекемесінде «Қарттары бар елдің қазынасы бар» тақырыбында ерекше кездесу жиыны өтті. Бұл іс-шара Шымкент қалалық Ардагерлер кеңесінің ардагерлерінің қатысуымен ұйымдастырылды. Кездесу Шымкент қаласының ішкі саясат және жастар істері жөніндегі басқармасының ұйытқы болуымен, сондай-ақ «Бәйтерек» жастар ұйымының қолдауымен жүзеге асырылды.
Іс-шараның басты мақсаты — ұрпақтар сабақтастығын нығайту, жастарды ұлттық құндылықтар мен отансүйгіштікке тәрбиелеу. Ардагерлердің өмірлік тәжірибелері мен білімі жастарға үлкен үлгі болып табылады, олар өздерінің ерен еңбектері мен жетістіктері арқылы жастарды рухтандыруға және қоғамда жауапкершілік сезімін арттыруға ықпал етті.
Кездесу барысында ардагерлер жастармен пікір алмасып, қоғамдағы өзекті мәселелерді талқылады. Олар табанды еңбек, мамандыққа деген адалдық және өмірлік дағдылардың маңыздылығын атап өтті. Жастар өздерінің сұрақтарын қойып, ардагерлерден кеңестер алды, бұл олардың білімге деген қызығушылығын арттырып, болашақта табысты болуға деген ынтасын күшейтті.
Сонымен қатар, шараның ұйымдастырылуы жастар мен аға буынның арасындағы байланысты нығайтуға, ұлттық мұраны дәріптеуге және қоғамдағы әлеуметтік жауапкершілікті арттыруға бағытталған маңызды қадам болып табылады. Мұндай кездесулер алдағы уақытта да ұйымдастырылып, жастар мен ардагерлер арасындағы ынтымақтастықты дамытуға ықпал ететін болады.