Шымкент қаласының М.Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан университеті колледжінде ерекше маңызға ие «Қарттары бар елдің қазынасы бар» атты іс-шара өтті. Кездесудің мақсаты – ардагерлердің бай тәжірибесін жастарға жеткізіп, аға буынның еңбектері мен өмір жолдарын насихаттау арқылы ұрпақтар арасындағы сабақтастықты нығайту, сондай-ақ отбасы құндылықтарын тереңдете түсіру.
Іс-шараға Шымкент қалалық Ардагерлер кеңесінің төрағасы Кенжехан Төлебаев, «Бәйтерек» жастар ұйымының төрағасы Ролан Қонысбеков, зиялы қауым өкілдері, ата-аналар және колледж студенттері қатысты. Жиын барысында жастарға аға буын өкілдерінің өмірлік тәжірибесі, еңбектері және отбасы құндылықтарын сақтау туралы кеңестер айтылды.
Ардагерлер – еліміздің алтын қазынасы, олардың кәсіби біліктілігі мен еңбекқорлық тәжірибесі өмірдің өнегелі үлгісі ретінде танылып келеді. Ардагерлердің жас ұрпаққа жеткізген әрбір ақылы мен кеңесі – жастардың тұлғалық қалыптасуында ерекше рөл атқарады. Кенжехан Төлебаев бастаған ардагерлер жастарға өздерінің өмірлік жолындағы маңызды кезеңдер мен қоғамдағы азаматтық ұстанымдары жайлы әңгіме қозғады.
Іс-шараның ерекше бір бөлігі – ардагерлер мен жастар арасындағы тікелей әңгіме алаңы болды. Студенттер ардагерлерге көкейінде жүрген сұрақтарын қойып, олардың өмірлік тәжірибелері мен тағылымды әңгімелерін тыңдады. Зиялы қауым өкілдері отбасы құндылықтарының маңыздылығын түсіндіріп, ұлттық болмысты сақтаудың жолдарын талқылады.
Жиын соңында колледж жастары ардагерлерге ризашылықтарын білдіріп, осындай мазмұнды іс-шаралардың жалғасын табуын сұрады. Бұл кездесу ұрпақтар сабақтастығын нығайтуға, ұлттық құндылықтарды дәріптеуге және жастарды отансүйгіштікке, жауапкершілікке баулуға үлес қосты.
Осындай тағылымды кездесулердің нәтижесінде, аға буынның өмірлік даналығы мен тәжірибесі жастарға жол көрсетіп, болашақта ел игілігі үшін қызмет етуге ынталандырады.