Түркістан облысында «Таза Қазақстан» бағдарламасы аясында көгалдандыру саласында озық тәжірибелерді кеңінен енгізу, терек және гүлді өсімдіктер алқабын көбейту мақсатында «Терек және гүлді өсімдіктерді өсіру» тақырыбында семинар өтті. Отырар ауданы мен Арыс қаласы аумағындағы «Түркістан мақта» ЖШС-нің базасында ұйымдастырылған семинарға Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеров, аудан және қала әкімдері қатысты. Облыс әкімінің орынбасары Нұрбол Тұрашбеков модератор болған семинар барысында терек өсірудің озық тәжірибесімен «Түркістан мақта» ЖШС-нің жауапты өкілі Ван Сипань бөліссе, гүлді өсімдіктерді өсіру бойынша озық «ChangAn Group» компаниясының өкілі Рэн Джиабоға баяндама жасады. Көгалдандыру саласына жауапты басшылар мен өкілдерге тұзды және шөлейтті жерде көшет өнімділігін арттыру жолдары түсіндірілді. Облыс әкімі Нұралхан Көшеров бүгінгі басқосудың маңыздылығына тоқталып, барлық аудан, қалада тұқымбақтардың жұмысын жандандырып, жаңа технологияларды енгізу керектігін ескертті. – Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев ұсынған «Таза Қазақстан» бағдарламасы уақытша науқан емес, бұл – табиғатқа жауапкершілікпен қарау, елді мекендердің экологиялық жағдайын жақсарту және жасыл әрі қолайлы ортаны тұрақты түрде қалыптастыру. Тек дайын көшеттерді шет елден сатып алып, белгілі бір аумақтарға отырғызумен шектелу жеткіліксіз. Басты міндет – ағаш көшеттері мен гүлді өсімдіктерді өзімізде өсіріп, олардың көлемін жыл сайын арттыру. Бүгінгі басқосудағы мақсатымыз – сапалы көшет отырғызуға мүмкіндік беретін жүйені қалыптастыру. «Жоспарсыз іс – жемісі жоқ ағаш». Сондықтан әрбір аудан мен қала өз аумағының ерекшелігіне қарай ағаш және гүл түрлерін айқындап, көшет санын, өсіру алаңын, суару жүйесі, күтім тәртібін жоспарлауы қажет. Осылайша көгалдандыруды науқаннан тұрақты жүйеге айналдырамыз. Облысымыздың топырағы тұзды аймақтарында «ағаш өспейді» деген пікір қалыптасқан. Бірақ қытайлық әріптестеріміз дәл сол жерге көшет отырғызып, көнімділігті 90 пайызға жеткізіп, бұл пікірді теріске шығарды. Демек, мәселе жерде емес – ниет пен жауапкершілікте. Сіздерге көшет отырғызу жөнінде нақты тапсырмалар берілді. Алайда бірқатар басшы сылтауды алға тартып, жауапкершіліктен жалтарды. Бүгіннен бастап барлық аудан, қала әкімдіктерінен жаңа тәжірибені енгізіп, нақты нәтижеге қол жеткізуді талап етемін. Біз облысымызды ғана көшет пен гүлмен қамтып қоймай, өзге өңірлерге де жеткізу мәселесін назарда ұстауымыз керек. Оған толық мүмкіндік бар, – деді Нұралхан Көшеров. Семинар соңында аудан және қала әкімдеріне сапалы көшет қорын қалыптастыру, өсімдік түрлерін көбейту және көшеттерді жергілікті жерде өсіру жұмыстарын күшейту жөнінде нақты тапсырмалар берілді. Одан кейін семинарға қатысушылар «Түркістан мақта» ЖШС аумағында жайқалып тұрған терек алқабын тамашалап, суғару, өсіру бойынша мамандардан нақты кеңестер алды. Бүгінде бұл аумақтағы көшеттің көнімділігі 90 пайыздан асып отыр. Бұл тәжірибе өңірде жаппай айналымға енгізіледі деп күтіліп отыр. Гүл шаруашылығына келсек, Түркістан облысында елді мекендерді абаттандыру және көгалдандыру мақсатында жалпы көлемі 5,37 гектар болатын жылыжай кешендерін құру жоспарлануда. Онда 1 миллионнан астам гүл көшеті өсіріледі. Сонымен қатар облыстық орман шаруашылығының тұқымбақтарында 0,87 гектар аумақта қосымша 1,4 миллион түп гүл көшетін өсіру көзделіп отыр.Айта кетейік, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың республика бойынша елді мекендерде 15 миллион түп ағаш көшеттерін отырғызу жөніндегі тапсырмасын іске асыру мақсатында Түркістан облысында тиісті жұмыстар жүргізілді. Аталған тапсырма аясында өңірде жалпы саны 1,1 миллион түп ағаш көшеттерін отырғызу көзделген. Нәтижесінде 2021-2025 жылдар аралығында тапсырма аясында облыс көлемінде жалпы 3 миллионнан астам көшет отырғызылды.Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметі_______





