Түркістан облысында «Таза Қазақстан» бағдарламасы мен «Заң және тәртіп» қағидатын жүйелі түрде жүзеге асыру бағытындағы жұмыстар жалғасуда. Облыс әкімі Нұралхан Көшеровтің тапсырмасына сәйкес, Жетісай ауданында мобильді топтың қатысуымен кезекті рейдтік іс-шаралар ұйымдастырылды.
Бақылау жұмыстары барысында саябақтар, скверлер, жағалау аймақтары, демалыс орындары, базарлар және тұрғындар жиі баратын қоғамдық орындар қамтылды. Нәтижесінде тазалық талаптарын бұзудың 28 фактісі анықталды.
Анықталған құқық бұзушылықтардың әрқайсысы бойынша Қазақстан Республикасының Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 505-бабына сәйкес әкімшілік шаралар қабылданды. 28 тұлғаға қатысты 28 әкімшілік хаттама толтырылып, жалпы сомасы 648,7 мың теңге көлемінде айыппұл салынды.
Рейд барысында тұрғындар мен кәсіпкерлік нысандардың өкілдеріне қоғамдық орындарды таза ұстау, санитарлық талаптарды сақтау және белгіленбеген орындарға қоқыс тастамау жөнінде түсіндіру жұмыстары жүргізілді.
Жалпы, мобильді топтың жұмысы қоғамдық ортадағы тазалық мәдениетін қалыптастыруға және құқық бұзушылықтардың алдын алуға бағытталған. Бұл бағыттағы бақылау және профилактикалық шаралар аудан аумағында тұрақты түрде жалғасын табады.
Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметі


