Қасым-Жомарт Тоқаев 15 мамыр күні Түркістан қаласында өткен Түркі мемлекеттері ұйымының бейресми саммитінің қорытындысы бойынша арнайы жиналыс өткізіп, маңызды халықаралық іс-шараны жоғары деңгейде ұйымдастырған өңір басшылығы мен тұрғындарға ризашылығын білдірді.
Мемлекет басшысы саммитті өткізу барысында атқарылған ауқымды жұмыстардың нәтижесінде Түркістан қаласы түркі жұртының қасиетті қарашаңырағы ғана емес, мәдени-гуманитарлық ықпалдастықтың әлеуетті халықаралық орталығы ретінде танылғанын атап өтті. Президенттің айтуынша, шетелдік делегациялар мен саммитке қатысушылар қаланың инфрақұрылымына, көлік жолдарының сапасына, жасыл желекке көмкерілген көшелері мен саябақтарының тазалығына ерекше жоғары баға берген.
Жиын барысында Президент Нұралхан Көшеров бастаған облыс әкімдігіне және қала басшылығына көне Түркістан шаһарын дамыту, көркейту және абаттандыру жұмыстарын одан әрі жүйелі жалғастыруды тапсырды. Мемлекет басшысы Түркістанның тек Қазақстанның емес, бүкіл түркі әлемінің рухани әрі тарихи жауһары екенін ерекше атап өтті.
Сонымен қатар, Президент саммит аясында ел абыройын арттыруға үлес қосқан азаматтарды марапаттау туралы шешім қабылданғанын жеткізді. Атап айтқанда, әкімдік пен мемлекеттік мекемелердің қызметкерлері, әскери және құқық қорғау органдарының өкілдері, коммуналдық қызмет мамандары, еріктілер мен белсенді азаматтар мемлекеттік наградалармен, құрмет грамоталарымен және алғыс хаттармен марапатталмақ.
Айта кетейік, Түркі мемлекеттері ұйымының бейресми саммиті Түркістан қаласының халықаралық деңгейдегі мәртебесін арттырып, өңірдің туристік, мәдени және дипломатиялық әлеуетін жаңа деңгейге көтеруге мүмкіндік берді.
