Бүгін Шымкент қаласында «Дарын» республикалық ғылыми – практикалық орталығының ұйымдастыруымен жалпы білім беретін пәндер бойынша 10–11 (12) сынып оқушыларына арналған қоғамдық-гуманитарлық бағыттағы республикалық олимпиада басталды. Аталған білім сайысы құқық негіздері, орыс тілі мен әдебиеті, сондай-ақ, қазақ тілінде оқытатын мектептердегі орыс тілі мен әдебиеті пәндерін қамтиды.

Республикалық олимпиаданың басты мақсаты – қоғамдық-гуманитарлық пәндерге қызығушылығы жоғары, дарынды әрі қабілетті оқушыларды анықтау, олардың шығармашылық әлеуетін дамыту, сондай-ақ, халықаралық және республикалық деңгейдегі білім додаларына қатысатын үздік оқушыларды іріктеп, жүйелі түрде даярлау болып табылады.

Республикалық олимпиадаға еліміздің барлық өңірінен дарынды оқушылар жиналды. Биылғы білім бәйгесіне 270 оқушы, оның ішінде Шымкент қаласынан 12 оқушы қатысып, өзара білімін сынауда. Бұл – білім мен бәсекеге толы, дарынды жастардың басын қосқан ауқымды іс-шара. Қатысушылар өз білімдерін сынға салып қана қоймай, тәжірибе алмасып, жаңа достық байланыстар орнатуға мүмкіндік алады.
Үш күнге созылатын іс-шара аясында оқушылар үшін мазмұнды мәдени-танымдық бағдарлама да ұйымдастырылған. Қатысушылардың бос уақытын тиімді өткізу мақсатында түрлі мәдени іс-шаралар, экскурсиялар және танымдық кездесулер жоспарланған. Олимпиадаға қатысушылар Шымкент қаласының тарихи-мәдени орындарын аралап, өңірдің бай тарихымен, рухани мұрасымен жақынырақ танысатын болады.

Осылайша, Шымкентте өтіп жатқан білім бәйгесі – тек білім сайысы ғана емес, сонымен қатар, жас ұрпақтың мәдени-рухани дамуын көздейтін маңызды алаң. Осындай игі бастамалардың нәтижесінде республикалық олимпиада дарынды жастардың білімін шыңдап қана қоймай, олардың тұлғалық және рухани дамуына да зор ықпал ететін маңызды алаңға айналып отыр.
