Жаңалықтар

ZHANIBEKOV UNIVERSITY: ҒЫЛЫМ МЕН БІЛІМ ЖОЛЫНДАҒЫ АРДАГЕРЛЕРГЕ ТАҒЗЫМ

1 қазан – Қазақстан Республикасының жоғары білім беру қызметкерлері күні және Халықаралық ардагерлер күні қарсаңында Zhanibekov University-де «Ғұмырын білімге, жүрегін елге арнаған ардақтылар» атты салтанатты жиын өтті. Атаулы мерекеге арналған бұл іс-шара – білім мен ғылым саласына өлшеусіз еңбек сіңірген ұстаздарға көрсетілген құрметтің айқын көрінісі.

Университеттің мәдени өміріндегі айтулы күн «Тұмар» би ансамблінің ұлттық нақыштағы «Шашу» биімен ашылып, салтанатты жиынға шырай берді.

Zhanibekov University басқарма төрағасы – ректор міндетін атқарушы Әлібек Нұртаев құттықтау сөзінде: Құрметті әріптестер, университет ұжымы! Сіздерді кәсіби мерекелеріңізбен шын жүректен құттықтаймын. Білім мен ғылым – ел дамуының басты драйвері. Сапалы білім беру, инновациялық зерттеулер жүргізу және жас буынды тәрбиелеу жолындағы еңбектеріңіз – университеттің тұрақты дамуының негізі. Бұл мереке – баршаңыздың адал қызметіңізге берілген жоғары баға, — деп атап өтті.

Мерекелік жиын барысында академиялық және ғылыми жетістіктерімен ерекшеленген бірқатар профессор-оқытушылар мен қызметкерлер марапатталды. ҚР Ғылым және жоғары білім министрлігінің «Еңбек ардагері» төсбелгісі ардагер заңгер Ынтымақ Жәукебаевқа табысталса, «Аманат» партиясының Шымкент қалалық филиалы төрағасының Алғыс хатына Бастауышта оқыту әдістемесі кафедрасының оқытушысы Салтанат Анафияева ие болды. Сонымен қатар, университеттің ректоры атынан берілген Алғыс хаттар білім беру сапасына үлес қосып жүрген қызметкерлерге табысталды.

Мерекелік концертте ҚР Мәдениет қайраткерлері – Үрәлхан Сейілбекова мен опера әншісі Ерлан Жандарбай сахна шымылдығын ашып, көрерменге рухани ләззат сыйлады. Университеттің талантты студенттері мен шығармашылық үйірмелердің қатысуымен өткен концерттік бағдарлама – кампус мәдениетінің айнасы болды.

Кештің шарықтау шегінде «O sole mio» әнін орындаған халықаралық байқаулардың лауреаты, вокал үйірмесінің жетекшісі Мұхамедияр Ораз ерекше қошеметке ие болды. Ал «Жайдарман КТК» жетекшісі Тағай Нұралиев сахнаға шымкенттік әзіл мен шынайы қалжыңды қатар алып шығып, көрермен көңілін серпілтті.

Zhanibekov University бүгінгі таңда 434 оқытушы-профессор қызмет атқаратын аймақтық жетекші университеттердің бірі. Оның ішінде – 18 ғылым докторы, 172 ғылым кандидаты, 35 PhD докторы, 90 аға оқытушы және 87 оқытушы бар. Бұл – оқу ордасының ғылыми әлеуеті мен зерттеу-инновациялық базасының артып келе жатқанын көрсетеді.

Университеттің білім беру экожүйесі қазіргі заман талаптарына сай жаңартылып, outcome-based education (нәтижеге бағытталған білім беру), academic mobility (академиялық ұтқырлық), research collaboration (зерттеу серіктестігі) және lifelong learning (өмір бойы білім алу) қағидаттары негізінде дамуда.

Шымкент қаласындағы Zhanibekov University осындай мерекелік іс-шаралар арқылы профессор-оқытушылар құрамының рухани ынтымағын күшейтіп, білім саласының бәсекеге қабілеттілігін арттыруға бағытталған мәдени, әлеуметтік, академиялық саясаттың жүйелі түрде жүргізіліп жатқанын көрсетті.

Қатысты жаңалықтар

ТҮРКІСТАН: ТҰРҒЫНДАРДЫҢ ӨТІНІШТЕРІ МЕН ҰСЫНЫСТАРЫ ТЫҢДАЛДЫ

Bastynews

ТҮРКІСТАН: ОТЫРАРДА ТАҒЫ БІР ЕЛДІ МЕКЕН ТАЗА АУЫЗ СУМЕН ҚАМТЫЛДЫ

bastynews

ШЫМКЕНТ ҚАЛАСЫНЫҢ 5 МЕКТЕБІ – «ҮЗДІК 100 МЕКТЕП – 2025» ТІЗІМІНДЕ

bastynews