Жаңалықтар Қоғам

Қолжетімді баға, сапалы өнім: Шымкенттегі сенбілік жәрмеңкелер өтуде

Шымкент қаласындағы «Қажымұқан» атындағы орталық стадион аумағында кезекті сенбілік азық-түлік жәрмеңкесі өтті. Апта сайын ұйымдастырылатын шараның басты мақсаты – қала тұрғындарын сапалы әрі қолжетімді өніммен қамтамасыз ету және жергілікті кәсіпкерлер мен шаруа қожалықтарын қолдау.
Таңғы уақыттан бастап жәрмеңке алаңына тұрғындар көптеп жиналды. Мұнда Шымкенттің жергілікті өндірушілерімен қатар көршілес облыстардан келген шаруалар да өз өнімдерін ұсынды. Сатып алушылар көкөніс пен жеміс-жидек, жаңа сойылған ет, сүт өнімдері, ұн және нан өнімдері, сондай-ақ түрлі кондитерлік және тоқыма бұйымдарын нарықтағы бағадан төмен бағада сатып алды. Жәрмеңкенің басты ерекшелігі – өнімдердің тікелей өндірушілерден жеткізілуі.


Шымкент қаласы ауыл шаруашылығы және ветеринария басқармасының «Азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету» бөлімінің басшысы Жандос Ханиевтің айтуынша, жәрмеңке барысында барлық санитарлық талаптар қатаң сақталады.
– Кәсіпкерлерге сауда орындары тегін беріледі. Жәрмеңкенің қауіпсіз өтуін қамтамасыз ету үшін полиция қызметкерлері мен санитариялық-эпидемиологиялық бақылау мамандары қатысады. Сонымен қатар көшпелі зертхана жұмыс істеп, сатылып жатқан өнімдердің сапасын тексеріп отырады, – деді ол.
Жәрмеңкеге тұрақты қатысатын кәсіпкерлердің бірі – ет өнімдерін сатушы Кошгар Абдуалы. Оның айтуынша, ол апта сайын шамамен 100 келі ет өнімін әкеліп, түгелге жуық сатып кетеді.


Ал жәрмеңкенің тұрақты келушілерінің бірі Жұмакүл Маханова бұл жерге тек сауда жасау үшін емес, адамдармен араласып, қоғамға пайдасын тигізу үшін келетінін айтады. Қоғамдық жұмыстарға белсенді қатысатын ол кейде мұқтаж жандарға өнімдерді тегін беріп, қайырымдылықпен де айналысады.
Жалпы сенбілік жәрмеңке тек сауда алаңы ғана емес, тұрғындар мен кәсіпкерлердің кездесіп, пікір алмасатын ортасына айналып отыр. Айта кетейік, мұндай жәрмеңкелер Шымкент қаласының бес ауданында ұйымдастырылуда.

Қатысты жаңалықтар

МЕГАПОЛИС ЖАСТАРЫ – НАҚТЫ ӨНДІРІСТЕ: ӘУЕЗОВ УНИВЕРСИТЕТІ МЕН АГРОӨНЕРКӘСІП СЕРІКТЕСТІГІ ТҮЛЕКТЕРДІ ТҰРАҚТЫ ЖҰМЫСПЕН ҚАМТУҒА ЖОЛ АШАДЫ

bastynews

Отбасылық құндылықтар

Bastynews

РАЗВИТИЕ БИЛИНГВАЛЬНОГО ОБРАЗОВАНИЯ В УСЛОВИЯХ МЕГАПОЛИСА: В ШЫМКЕНТЕ СОСТОЯЛСЯ ГОРОДСКОЙ ЭТАП РЕСПУБЛИКАНСКОГО КОНКУРСА «ҚАЗАҚШАҢ ҚАЛАЙ, БАЛАҚАЙ?»

bastynews