Жаңалықтар Қоғам

Түркістан облысында жол-көлік оқиғаларының саны 18,9%-ға төмендеді

2026 жылдың алғашқы екі айында Түркістан облысында жол-көлік оқиғаларының саны өткен жылдың осы кезеңімен салыстырғанда айтарлықтай азайғаны байқалады. Ресми мәліметтерге сәйкес, облыс аумағында 154 жол-көлік оқиғасы тіркелген, ал 2025 жылдың осы кезеңінде бұл көрсеткіш 190 оқиғаны құраған. Осылайша, жол-көлік оқиғалары 18,9%-ға төмендеді.

Жол-көлік оқиғалары салдарынан зардап шеккендер саны да азайған. Атап айтқанда, зардап шеккендердің жалпы саны 289-дан 228 адамға дейін, яғни 21,1%-ға төмендеген. Оның ішінде жарақат алғандар саны 255-тен 199 адамға дейін азайып, 22%-ға төмендеген. Сонымен қатар, жол апаттарынан қаза тапқандар саны 34-тен 29 адамға дейін азайып, 14,7%-ға төмендегені тіркелді.

Алайда кәмелетке толмағандар арасындағы жол-көлік оқиғалары мәселесі әлі де өзекті болып отыр. Биылғы жылдың екі айында 43 кәмелетке толмаған бала жарақат алған, бұл өткен жылдың сәйкес кезеңіндегі 62 жағдаймен салыстырғанда 30,6%-ға төмен. Дегенмен, өкінішке қарай, жол апаттарынан 4 бала қаза тапқан, бұл өткен жылғы 3 жағдаймен салыстырғанда 33,3%-ға артық.

Статистикаға сәйкес, жол-көлік оқиғалары ең көп тіркелген өңірлер қатарында Жетісай ауданы (20), Сайрам ауданы (17), Түркістан қаласы (16), Сарыағаш ауданы (13), Түлкібас ауданы (12), Созақ ауданы (11) және Арыс қаласы (10) бар. Сонымен қатар Ордабасы және Сауран аудандарында – 9, Келес ауданында – 8, ал Кентау қаласы, Төлеби және Шардара аудандарында – 5-тен жол-көлік оқиғасы тіркелген. Бәйдібек пен Отырар аудандарында – 4-тен, Қазығұрт және Мақтаарал аудандарында – 3-тен жол апаты орын алған.

Талдау нәтижелері көрсеткендей, жол-көлік оқиғаларының басым бөлігі аудандық маңызы бар автомобиль жолдарында және елді мекендер аумағында орын алуда.

Мамандардың айтуынша, жол апаттарының негізгі себептері – жол қозғалысы қағидаларын сақтамау. Атап айтқанда, жүргізушілердің белгіленген жылдамдықты арттыруы, жаяу жүргіншілерге жол бермеуі, маневр жасау қағидаларын бұзуы, сондай-ақ қарсы бағытта қозғалу немесе басып озу талаптарын сақтамауы жол апаттарының негізгі факторлары болып отыр.

Осыған байланысты құзырлы органдар облыс тұрғындары мен қонақтарын жол қозғалысы қағидаларын қатаң сақтауға және жолда барынша сақ болуға шақырады.

Айта кету керек, Қазақстан аумағындағы жол-көлік оқиғалары туралы толық ақпаратпен Қазақстан Республикасы Бас прокуратурасының Құқықтық статистика және арнайы есепке алу жөніндегі комитетінің gis.kgp.kz порталындағы «Авариялар картасы» бөлімінен танысуға болады.

Қатысты жаңалықтар

САУРАН АУДАНЫНДА ЖАҢА СПОРТ КЕШЕНІ САЛЫНЫП ЖАТЫР

bastynews

Жаппай төбелестің бел ортасында жүрген әженің видеосы желіде қызу талқыланып жатыр

Bastynews

ХАЛЫҚАРАЛЫҚ ҒЫЛЫМИ КОНФЕРЕНЦИЯ – ЖАС ҒАЛЫМДАРҒА ЖАҢА СЕРПІН БЕРДІ

bastynews