Басты жаңалықтар

ТҮРКІСТАН ОБЛЫСЫНДА ҚАҢТАРДА ҚЫЗАНАҚ ПІСТІ

Еліміздің бірқатар өңірінде қалың қар түсіп, аяз күшейіп тұрған шақта, топырағы құнарлы Түркістан облысының Келес даласында қызанақ пісті. Қыс мезгілінде көкөніс өнімін өндіру — аудан диқандарының тың технология мен табанды еңбегінің нақты көрінісі болып отыр.

Келес ауданындағы «Мұстафа» шаруа қожалығы 5 гектар аумақты қамтитын жылыжай кешенінде жұмыс жүргізуде. Оның 1 гектарына израильдік «Малика» сорты егілген. Қазіргі таңда піскен қызанақ ішкі нарыққа шығарылып, тұтынушыларға жол тартуда. Шаруа қожалығы бір гектардан 80–90 тоннаға дейін өнім алуды көздеп отыр. Бұл — қыс мезгіліндегі жоғары көрсеткіштердің бірі болып есептеледі. Жылыжайда тұрақты түрде 8 адам жұмыспен қамтылған, соның ішінде жас мамандар мен жергілікті тұрғындар да еңбек етеді.

Агроном Ибраһим Қарсыбаевтың айтуынша, «Малика» сорты өнімділігімен, сапасымен және тасымалдауға төзімділігімен ерекшеленеді.
– Бұл сұрып жылыжай жағдайына бейімделген, ерте піседі, дәмдік сапасы жоғары және сақтау мерзімі ұзақ. Қысқы кезеңде температура мен ылғалдылық тұрақты бақылауда болады, агротехникалық талаптар қатаң сақталады. Соның нәтижесінде сапалы әрі мол өнім алуға қол жеткізіп отырмыз, – дейді маман.

Алдағы уақытта жылыжайдың қалған бөлігіне қызылша дақылын егу жоспарланып отыр. Бұл өнім түрін көбейтіп, ішкі нарықты әртараптандыруға мүмкіндік береді. Сонымен қатар, өндірісті кеңейту жоспары аясында жаңа жылыжай құрылысын салу, заманауи жылыту және суару технологияларын енгізу, еңбек өнімділігін арттыру бағытында бірқатар инновациялық шаралар іске асырылмақ.

Келес ауданының жалпы аумағы 345 мың гектардан асады, оның 26 мың гектарында шаруалар егін егеді. Аудан диқандарының тынымсыз еңбегі ауыл шаруашылығы саласының дамуына серпін беріп, өңірдің әлеуметтік-экономикалық әлеуетін арттыруға өз үлесін қосуда. Қысқы кезеңде қызанақ өндірісін ұйымдастыру жергілікті тұрғындардың тұрақты жұмыспен қамтылуына, азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз етуге, өңірдегі шағын және орта кәсіпкерлікті дамытуға, сондай-ақ экспорттық әлеуетті арттыруға мүмкіндік береді.

Жылыжай шаруашылығы арқылы Келес ауданы тек қана өнім өндіруді емес, сонымен бірге заманауи агротехнологияларды енгізу мен инновациялық шешімдерді қолдану арқылы ауыл шаруашылығы саласының тұрақты дамуына үлес қосуда. Бұл тәжірибе басқа өңірлерге де үлгі болып, қысқы кезеңде өнім алуға мүмкіндік беретін тиімді модельге айналуда.

Жалпы, Келес ауданындағы жылыжай шаруашылығы жергілікті тұрғындардың табысын арттыруға, азық-түлік нарығын тұрақтандыруға және Түркістан облысының аграрлық саласының дамуына айтарлықтай үлес қосып отыр.

Қатысты жаңалықтар

Дресс-кодты бұзған мұғалімдер мектептен қуылады

Bastynews

ТҮРКІСТАН ОБЛЫСЫНЫҢ БАЛУАНДАРЫ РЕСПУБЛИКАДА ТОП ЖАРДЫ

bastynews

«Анамыз ешкінің сүтімен баққан»- Балғынбек

Bastynews