Басты жаңалықтар

ТҮРКІСТАН: КЕЛЕС АУДАНЫНДА АУЫР АТЛЕТИКА ЖАТТЫҒУ ЗАЛЫ АШЫЛДЫ

Түркістан облысының Келес ауданында ауыр атлетикадан жаңа жаттығу залы пайдалануға берілді. «Keles» спорттық-сауықтыру кешенінің базасында ашылған зал жасөспірімдер мен жастардың кәсіби түрде спортпен айналысуына толық мүмкіндік береді. Жаттығу залы заманауи құрал-жабдықтармен толық қамтылған. Аталған жабдықтар Келес ауданының тумасы, Түркістан облысы ауыр атлетика федерациясының вице-президенті Самат Ергешбаевтың демеушілігімен алынған. Айта кету керек, бұл бастама ауыл тұрғындары мен ата-аналар тарапынан бұған дейін көтерілген ұсыныстар негізінде жүзеге асырылды.

Салтанатты ашылу рәсіміне Келес ауданының әкімі Жәнібек Ағыбаев, Түркістан облысы ауыр атлетика федерациясының президенті Алмасхан Жамбаев, федерация вице-президенттері, ауыр атлетикадан әлем чемпионаттарының екі дүркін күміс жүлдегері Жазира Жаппарқұл және 2024 жылы Манама қаласында өткен әлем чемпионатының жеңімпазы Нұрғиса Әділетұлы қатысты.

Ашылу салтанатында сөз сөйлеген аудан әкімі Жәнібек Ағыбаев жаңа спорт нысанының маңыздылығына ерекше тоқталды.
– Ауыр атлетика – үлкен тәртіпті, табандылық пен ерік-жігерді талап ететін спорт түрі. Бұл зал – ауыл балалары үшін үлкен мүмкіндік. Мемлекет тарапынан бұқаралық спортты дамытуға ерекше көңіл бөлініп отыр. Біздің басты мақсатымыз – жастарды салауатты өмір салтына баулу, олардың қабілетін ерте анықтап, кәсіби спортқа бағыттау, – деді аудан басшысы, демеушілік жасаған азаматқа алғысын білдіре отырып.

Түркістан облысы ауыр атлетика федерациясының президенті Алмасхан Жамбаев биыл Келес ауданымен қатар Ленгір, Түлкібас және Созақ аудандарында да ауыр атлетика залдары ашылып жатқанын атап өтті. Оның айтуынша, бұған дейін Түркістан, Шымкент қаласы (Б. Саттарханов атындағы облыстық мектеп-интернат), Арыс қаласы мен Шардара ауданында 100-ден аса спортшы тұрақты түрде жаттықса, енді бұл көрсеткіш едәуір артады.

Жалпы, биыл Түркістан облысының ауыр атлеттері Қазақстан Республикасының чемпионаттарында ғана емес, Азия және әлем чемпионаттарында да жоғары нәтижелер көрсетеді деп күтілуде. Сонымен қатар шілде айында алғаш рет Түркістан қаласында ауыр атлетикадан Қазақстан Республикасының чемпионаты өткізіліп, еліміздің барлық өңірлерінен келген спортшылар бақ сынамақ.

Сонымен қатар жаңа жаттығу залы ауданның спорт инфрақұрылымын жаңғыртып қана қоймай, жасөспірімдер мен жастардың салауатты өмір салтын ұстануына, спортқа деген қызығушылығын арттыруға және өңірдің кәсіби спортшылар даярлау әлеуетін нығайтуға мүмкіндік береді. Жаттығу залында өткізілетін жүйелі жаттығулар мен облыстық жарыстар жастарды ел намысын халықаралық ареналарда қорғауға дайындайды.

Бұл спорт нысанының ашылуы Келес ауданының әлеуметтік-экономикалық дамуына үлес қосып, тұрғындар үшін жаңа жұмыс орындарын құруға, спорттық туризмді дамытуға және өңірдегі спорттық мәдениетті нығайтуға жағдай жасайды.

Қатысты жаңалықтар

Шенеуніктер қандай сыйлық алғанды ұнатады?

Bastynews

Құс тұмауы: құстардың неден өлгені белгілі болды

Bastynews

Праймеризге қатысушылардың арасында жасы 80-нен асқан қария бар

Bastynews