Жаңалықтар

ТҮРКІСТАН: «ӘЗІРЕТ СҰЛТАН» МУЗЕЙ-ҚОРЫҒЫНДА БАЛАЛАРҒА АРНАЛҒАН ИНКЛЮЗИВТІ ОҚУ КАБИНЕТІ АШЫЛДЫ

Түркістандағы «Әзірет Сұлтан» Ұлттық тарихи-мәдени музей-қорығында «Жаншуақ» жобасы аясында ерекше күтімді қажет ететін балаларға арналған инклюзивті оқу кабинеті пайдалануға берілді. Бұл – республика көлемінде музей-қорық жанынан ашылып отырған алғашқы инклюзивті кабинет ретінде маңызды әлеуметтік әрі мәдени бастама болып табылады.

Аталған жоба музей-қорықтың көп жылдан бері жүзеге асырып келе жатқан тарихи-танымдық және тәрбиелік бағыттағы жұмыстарын жаңа деңгейге көтеруде. Бүгінгі таңда музей-қорық қала мектептерінің оқушыларына арналған түрлі үйірмелер мен сабақтарды тұрақты түрде ұйымдастырып келеді. «Жаншуақ» жобасы осы игі істердің аясын кеңейтіп, мүмкіндігі шектеулі балалардың ұлттық тарихи-мәдени мұрамен жақын танысуына, рухани дамуына, шығармашылық қабілеттерін шыңдауына жол ашады.

Инклюзивті оқу кабинеті ашылу салтанатына музей-қорық қызметкерлері, қалалық білім бөлімінің өкілдері, мектеп мұғалімдері, ата-аналар және оқушылар қатысты. Іс-шара барысында музей-қорық директорының міндетін атқарушы Нұрлан Дүкенбаев пен қалалық білім бөлімінің инклюзивті білім беру әдіскері Мөлдір Ақылбекова құттықтау сөз сөйлеп, жобаның маңыздылығына ерекше тоқталды. Құрметті қонақтар жаңа оқу кабинетінің лентасын қиып, білім мен шығармашылыққа арналған кеңістікті ресми түрде ашты.

Жобаның басты мақсаты – мектеп жасындағы мүмкіндігі шектеулі балалардың бос уақытын тиімді ұйымдастыра отырып, олардың қоғаммен байланысын нығайту, шығармашылық және танымдық қабілеттерін дамыту, өздерін қоғамның толыққанды мүшесі ретінде сезінуіне мүмкіндік жасау. Оқу кабинеті арнайы заманауи құрал-жабдықтармен, оқу материалдарымен және интерактивті құралдармен қамтамасыз етілген. Бұл балалардың өзін-өзі дамытуына, мектеп пәндерін жеңіл меңгеруіне және шығармашылық дағдыларын қалыптастыруға септігін тигізеді.

«Жаншуақ» жобасына қала мектептерінің 3–8 сынып оқушылары ата-анасының келісімімен қатыса алады. Сабақтар жоба жетекшісі мен музей-қорықтың арнайы мамандарының қатысуымен, алдын ала бекітілген тақырыптық жоспар негізінде жүйелі түрде өтеді. Айына бір рет 2 академиялық сағат көлемінде теориялық және практикалық сабақтар ұйымдастырылады.

Болашақта жобаны кеңейтіп, кабинетке қатысатын балалар санын арттыру, жаңа тақырыптық бағыттар мен интерактивті бағдарламаларды енгізу жоспарланып отыр. Бұл бастама Түркістан қаласындағы білім беру жүйесінде ерекше күтімді қажет ететін оқушыларға арналған үлгілі жобалардың бірі болып, қоғамдағы әлеуметтік теңдікті нығайтуға, мүмкіндігі шектеулі балалардың толыққанды дамуына және мәдени мұрамен танысуына елеулі үлес қосатыны сөзсіз.

Қатысты жаңалықтар

ТҮЛКІБАС ТҰРҒЫНДАРЫ ҚАРЖЫЛЫҚ МӘСЕЛЕЛЕР МЕН ҚҰҚЫҚТАРЫН ҚОРҒАУ ЖАЙЛЫ КЕҢЕСТЕР АЛДЫ

bastynews

МЕГАПОЛИСТЕГІ ДӘРІ-ДӘРМЕК БАҒАСЫ ШЫМКЕНТ ҚАЛАСЫ БОЙЫНША СЫБАЙЛАС ЖЕМҚОРЛЫҚҚА ҚАРСЫ ҚЫЗМЕТІНІҢ БАҚЫЛАУЫНДА

Bastynews

ОРДАБАСЫДА ШЕТЕЛДІК ИНВЕСТОР ҚУАТТЫЛЫҒЫ 50 МВТ КҮН ЭЛЕКТР СТАНЦИЯСЫН САЛАДЫ

bastynews