Түркістан қаласындағы «Достық үйі» ғимаратында Түркістан облыстық Қазақстан халқы Ассамблеясы (ҚХА) кеңесінің ауқымды отырысы өтті. Алқалы басқосуға облыс әкімінің орынбасары Ертай Алтаев, Ассамблея мүшелері, этномәдени бірлестіктердің басшылары, қоғамдық ұйымдардың өкілдері және қоғам белсенділері қатысты.
Жиын барысында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың 2025 жылы қабылдаған екі стратегиялық құжаты кеңінен талқыланды. Атап айтқанда, Қазақстан Республикасы ішкі саясатының негізгі қағидаттары мен құндылықтары, сондай-ақ Қазақстан халқы Ассамблеясының «Бірлігіміз – әралуандықта» 2030 жылға дейінгі даму тұжырымдамасы жан-жақты дәріптелді. Жиынды облыс әкімінің орынбасары Ертай Алтаев жүргізіп, қатысушыларға құжаттардың мәні мен олардың өңірдегі іске асырылу барысы жөнінде егжей-тегжейлі түсіндірді.
Келелі кеңесте облыстық ҚХА жанындағы өзбек этномәдени бірлестігі төрғасының орынбасары Райымжан Алибаев, Түркістан облыстық ҚХА жанындағы Ғылыми-сарапшылық топтың жетекшісі Сейдулла Садықов, ҚХА жанындағы Ақсақалдар кеңесінің төрағасы Созақбай Әбдіқұлов баяндама жасап, ҚР ішкі саясатының негізгі қағидаттары, ҚХА-ның 2030 жылға дейінгі даму тұжырымдамасы, сондай-ақ ҚР Президентінің «Түркістан» газетіне берген сұхбатының негізгі басымдықтары жөнінде ой-пікірлерін ортаға салды. Олар этносаралық келісім мен қоғамдағы бейбітшілік пен тұрақтылықты нығайтуда Ассамблеяның атқаратын рөлін ерекше атап өтті.
Кеңес барысында этномәдени бірлестіктер мен Ассамблея құрылымдарының алдағы жұмыс бағыттарына қатысты нақты ұсыныстар айтылды. Олардың қатарында:
- этносаралық қатынастарды тұрақты мониторингтеу және әлеуетті даулы мәселелерді ерте кезеңде шешу;
- «Заң мен тәртіп», «Адал азамат», «Салауатты сана» қағидаларын кеңінен насихаттау;
- жастар мен еріктілерді Ассамблея жобаларына тарту, волонтерлік бастамаларды қолдау;
- ақпараттық-түсіндіру жұмыстарына жасанды интеллект және цифрлық технологияларды қолдану;
- әлеуметтік желілердегі арандатушылық, дезинформациялық контенттің алдын алу бойынша жүйелі іс-шараларды жүзеге асыру.
Қоғамдық келісімді нығайту, азаматтық бірегейлікті қалыптастыру және «Әділетті Қазақстан» қағидаларын күнделікті тәжірибеде жүзеге асыру мақсатында жиынды қорытындылаған облыс әкімінің орынбасары Ертай Кенжебекұлы Мемлекет басшысының тапсырмалары Түркістан облысында сапалы әрі жүйелі түрде орындалуы қажеттігін атап өтті. Ол жауапты тұлғаларға тиісті тапсырмалар беріліп, барлық ұсынылған іс-шаралардың орындалуы бақылауға алынғанын жеткізді.
Жиын барысында облыстық ҚХА мүшелері мен этномәдени бірлестіктер белсенді қатысып, өңірде бейбітшілік пен келісімді сақтау, халық арасындағы өзара түсіністікті нығайту бағытындағы жаңа жобалар мен бастамаларды талқылады. Сонымен қатар, алдағы уақытта қоғамдық сананы қалыптастыру мен жастарды патриоттық рухта тәрбиелеуге арналған бірлескен іс-шаралар жоспары бекітілді.
