Түркістан облысы Созақ ауданында елді мекендердің инфрақұрылымын дамыту бағытында жүйелі, кешенді және ауқымды жұмыстар жүргізілуде. 2024 жылы аудандық бюджет есебінен 10 ауылдық округ пен кенттерде 57 көше жарықтандырылып, тұрғындардың өмір сүру сапасын арттыру мен қауіпсіздігін қамтамасыз етуге алғашқы қадамдар жасалды. 2025 жылы аудан аумағындағы ішкі көшелердің жалпы ұзындығы 143 шақырымға жетіп, толықтай түнгі жарық шамдарымен қамтамасыз етілді, яғни барлық ауылдар мен елді мекендердің ішкі көшелері 100 пайыз жарықтандырылды. Бұл тұрғындардың түнгі уақытта қауіпсіз қозғалуын қамтамасыз етіп, әлеуметтік тұрақтылыққа ықпал ететін маңызды инфрақұрылымдық жаңашылдық болып отыр.
Аудан орталығы Шолаққорған ауылында орталық маңызы бар Жібек жолы және С.Қожанов көшелері толық абаттандырылды. Мұнда 718 дана көше жарығы бағаналары мен 167 дана аяқжолға арналған жарық тіректері орнатылып, 120 дана орындық пен қоқыс жәшіктері тұрғындардың пайдалануына берілді. Сонымен қатар, заманауи веложолақтар, суғар жүйелері, жаңартылған аялдамалар енгізілді. Аталған жұмыстар тұрғындардың қауіпсіздігін арттырып қана қоймай, елді мекендердің көркем келбетін жақсартуға, қоғамдық кеңістіктерді абаттандыруға және демалыс ортасын дамытуға мүмкіндік берді.
Созақ ауданында жарықтандыру жүйелерінің техникалық жағдайын тұрақты бақылау енгізіліп, қажет болған жағдайда жөндеу және жаңарту жұмыстары жүйелі түрде жүргізілетін болады. Аудан әкімдігі инфрақұрылымдық жобаларды жүзеге асыру барысында тұрғындардың ұсыныстары мен пікірлерін белсенді түрде ескере отырып, елді мекендердің қауіпсіздігін арттыру және өмір сүру сапасын жақсарту бағытында жұмыс жүргізіп отыр. Жасалған жұмыстар елді мекендердің әлеуметтік дамуына нақты үлес қосып, тұрғындардың күнделікті өмір сапасын айтарлықтай арттыруға мүмкіндік береді.
Сондай-ақ, абаттандыру және жарықтандыру жобаларының аясында аудан әкімдігі алдағы кезеңде қоғамдық орындар, мектеп және балабақша аумақтары, спорт алаңдары мен мәдени орталықтар маңында жарықтандыруды кеңейту, сондай-ақ инженерлік инфрақұрылымды жаңғырту жоспарланғанын атап өтті. Бұл шаралар тұрғындардың қауіпсіздігін қамтамасыз етіп қана қоймай, ауданның тартымдылығын арттырып, инвестиция тарту мен қоғамдық қызметтердің сапасын жақсартуға да ықпал етеді. Аталған жобалар толық іске асырылған соң, Созақ ауданының әлеуметтік инфрақұрылымы заманауи талаптарға сай болып, тұрғындардың өмір сапасы жоғары деңгейде қамтамасыз етіледі.
