Жаңалықтар Қоғам

ТҮРКІСТАН ОБЛЫСЫ: ШЕТЕЛДІК ИНВЕСТИЦИЯЛАР МЕН ЖАҢА ӨНДІРІС ОРЫНДАРЫНЫҢ ДАМУЫ

Түркістан облысында инвестициялық тартымдылықты арттыру және жаңа өндіріс орындарын ашу бағытындағы жүйелі жұмыстар тұрақты жүргізілуде. 2025 жылғы мәліметтер бойынша облысқа тартылған тікелей шетелдік инвестициялар көлемі 543,5 млн АҚШ долларын құрап, жылдық жоспардан асып түсті. Бұл көрсеткіш өңірдің халықаралық нарықта сенімді серіктес ретінде танылып, экономикалық дамудың жаңа кезеңіне шыққанын айқын дәлелдейді.

Биыл облыста 111 инвестициялық жобалар пулы қалыптасып, олардың толық іске асуы нәтижесінде 23 915 жаңа жұмыс орны ашылуы жоспарланып отыр. Осы бағытта 58 инвестициялық жоба қолға алынып, олардың іске асуы арқылы 8 250 тұрақты жұмыс орны ашылады. Қазіргі таңда 34 жоба іске қосылып, 4 889 адам жұмыспен қамтылған, бұл өңірдегі еңбек нарығының серпінді дамып келе жатқанын көрсетеді.

Инвестициялық климат және қолдау шаралары

Инвестициялық климатты жақсарту мақсатында Түркістан облысында арнайы экономикалық аймақтар мен индустриалды-инновациялық парктер дамытылуда. Мұнда шетелдік компаниялар үшін салықтық және кедендік жеңілдіктер қарастырылған, дайын инфрақұрылым мен логистикалық қолдау ұсынылады. Биылдан бастап ҚХР, Иран және Өзбекстан елдеріне ресми сапарлар ұйымдастырылып, 92-ден астам шетелдік компаниямен кездесу өткізілді.

Жаңа өндіріс орындарының ашылуы тұрғындар үшін тұрақты жұмыс орындарын қамтамасыз етіп, жастар мен әйелдердің еңбекке тартылуына мүмкіндік береді. Сонымен қатар, шағын және орта кәсіпкерліктің дамуына жол ашылады, инфрақұрылым мен сервистік қызметтердің сапасы артады. Бұл әлеуметтік тұрақтылыққа, тұрғындардың өмір сапасының жақсаруына, сондай-ақ аймақ экономикасының ұзақ мерзімді тұрақтылығына серпін береді.

Мысалы, Сарыағаш ауданында «Сарыағаш құс» ЖШС жұмыртқа өндірісін 96 мың басқа дейін жеткізіп, 2025 жылы қосымша 50 мың басқа арналған фабрика құрылысын жүргізді. Жаңа цехтар мен заманауи жабдықтар өндіріс тиімділігін арттырып, өнім өзіндік құнын төмендетуге және экспорттық әлеуетін кеңейтуге мүмкіндік береді. Сол сияқты, индустриалды аймақтағы «Альбарака 077» ЖШС өсімдік майын өндіру цехы 20 тұрақты жұмыс орнын ашып, аймақ экономикасына жаңа серпін береді.

Облыс әкімінің тапсырмасына сәйкес, барлық инвестициялық жобаларды сүйемелдеп, жүзеге асырылуын тұрақты бақылау қамтамасыз етілуде. 2025-2028 жылдарға арналған жоспарлар аясында жаңа өндіріс орындарын ашу, заманауи технологияларды енгізу және экспортқа бағытталған өнім өндірісін арттыру көзделген.

Қатысты жаңалықтар

ШЫМКЕНТТЕ АУЫЛ ШАРУАШЫЛЫҒЫ ӨНІМДЕРІ МОЛ ЖИНАЛУДА: 8 АЙДА 66 МЫҢ ТОННА ӨНІМ АЛЫНДЫ

bastynews

ШЫМКЕНТТЕ ГРЕК МӘДЕНИЕТІ ФЕСТИВАЛІ ӨТТІ

bastynews

УНИВЕРСИТЕТ МАҚТАНЫШЫ — ӘЛЕМ КУБОГЫНЫҢ ИЕГЕРІ

bastynews