Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес іске асырылып жатқан «Ауыл аманаты» бағдарламасы Түркістан облысында ауыл экономикасын дамытуға, халықтың әл-ауқатын арттыруға және ауыл тұрғындарын тұрақты жұмыспен қамтуға үлес қосып келеді. 2023-2025 жылдары аталған жобаны іске асыру үшін республикалық бюджеттен жалпы 30,2 млрд теңге бөлінді. Оның ішінде 2023 жылы 19,8 млрд теңге, 2024 жылы 3 млрд теңге толық игерілді. 2025 жылы 7,4 млрд теңге бөлініп, бүгінгі таңда 3,5 млрд теңгеге 401 жоба қаржыландырылды. Қаражат 3 транш бойынша бөлініп, қалған 3,9 млрд теңге 2026 жылдың наурыз айының соңына дейін аудан әкімдіктерінің нақты ұсыныстары мен скрининг нәтижесіне сәйкес толық игеріледі.

Аталған жобаның іске асырылу барысы облыс әкімдігінде өткен мәжілісте арнайы талқыланды. Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеров жобаның орындауда нақты нәтиже мен сапаға мән беру керектігін айтып, жауаптыларға тиісті тапсырмалар берді.

– 2026 жылы «Ауыл аманаты» арқылы 15,3 млрд теңге қаражат тарту жоспарлануда. Бұл жақсы көрсеткіш, дегенмен 1 115 жаңа жоба бойынша 1400 ғана жұмыс орнын ашуды аз деп санаймын. Қаржыны алып, жоба бастаған кәсіпкерлер тұрақты жаңа жұмыс орындарын ашулары қажет. Осы бағытта жұмыстарды жандандырып, нәтижесін баяндауды тапсырамын. Биыл бөлінген қаржы бағытталатын ауылдық округтер мен кооперативтер тізімі мен жоспарын бекітуді шұғыл қолға алып, 1-наурызға дейін аяқтаңыздар. Жоба бойынша бөлінген қаржы уақтылы әрі сапалы игеріліп, халықтың жағдайын жақсартуға тікелей әсер етуі тиіс. Жауапты басқармалар, «Түркістан» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясы мен аудан, қала әкімдіктері жұмысты ширатуы қажет, – деген Нұралхан Көшеров тиісті шараларды дұрыс атқармаған аудан, қала әкімдерінің есептерін тыңдады. «Түркістан» ӘКК» АҚ Басқарма төрағасы Бекжан Бисенбаевтің айтуынша, 6 бағыт бойынша 3902 жобаға жалпы 26,3 млрд теңге несие берілді. Нәтижесінде облыста шағын кәсіпкерлік 3902 бірлікке артты, 25 гектар аумақта 513 жылыжай кешені салынды, мал басы 74 109-ға көбейген. Сонымен бірге 39 қайта өңдеу кәсіпорны іске қосылып, 4 190 жаңа жұмыс орны ашылды. Жұмыс орындары көбеюіне байланысты атаулы әлеуметтік көмек алушылар саны 441 адамға қысқарды. Жобалар арқылы жыл сайын шамамен 30 млрд теңгенің ауыл шаруашылығы өнімі өндірілуде.

Бағдарлама аясында бүгінде 4,8 млрд теңге қайтарылған, оның 4,6 млрд теңгесі қайта айналымға жіберілді. Бұл қаражат есебінен 579 жаңа жоба қаржыландырылып, 600 жаңа жұмыс орны ашылды.
Жеке қосалқы шаруашылықтарды біріктіріп, кооперативтер құруға ерекше көңіл бөлінуде. Үш жыл ішінде 103 кооперативке 2,5 млрд теңге несие берілді. Өңірде өнім өндіруден бастап оны өңдеу және нарыққа өткізуге дейінгі толық өндірістік циклды қамтитын табысты кооперативтер қалыптасты. Атап айтқанда, «Майтөбе сүт» кооперативі сүт жинау және қайта өңдеу желісін іске қосып, өнімдерін әлеуметтік мекемелерге жеткізуде. «Аят-Агро.Сом» кооперативі жеміс-көкөніс өңдеу цехын кеңейтіп, өнімдерін шетел нарығына экспорттауда. Ордабасы ауданының Шұбарсу ауылында 27 жылыжай іске қосылып, жылына 580 тонна өнім өндіруде.

Алдағы 2026-2028 жылдары «Ауыл аманаты» бағдарламасы аясында 68,7 млрд теңге тарту жоспарланып отыр. 2026 жылы республикалық бюджеттен 15,3 млрд теңге қаражат тарту көзделуде. Бұл қаржы есебінен 1 115 жобаға қолдау көрсетіліп, 1 400 жаңа жұмыс орнын ашу жоспарланған. Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметі
