Ақпарат Жаңалықтар

САЛЫҚ ТҮСІМІ – 1 ТРИЛЛИОН ТЕҢГЕ: ӨҢІР ЭКОНОМИКАСЫНЫҢ ЖАҢА ДЕҢГЕЙІ

2025 жылы Түркістан облысы тарихында алғаш рет 1 триллион теңгеден астам салық түсімін қамтамасыз етті. Бұл көрсеткіш – өңір экономикасының көлеңкелі айналымнан ашық және нақты есеп жүйесіне өткенін, сондай-ақ жүйелі экономикалық саясаттың нақты нәтижесін айқындайды.

Соңғы жылдары іске қосылған жаңа өндіріс орындары мен кәсіпорындар тұрақты салық базасын қалыптастыруға мүмкіндік берді. Индустриялық және арнайы экономикалық аймақтардағы жобалар инвестициялық кезеңнен нақты қаржылық қайтарым кезеңіне өтті. Бұл – Түркістан облысы экономикасының жаңа сапалық кезеңі, реформалар мен нақты нәтижелерге негізделген даму бағытының бастауы.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың 2025 жылға арналған Жолдауындағы басымдықтар өңір дамуында нақты іске асырылуда. Президент тапсырмасына сәйкес, облыста экономиканы әртараптандыру, инвестиция тарту, өңдеу өнеркәсібін дамыту, ауыл инфрақұрылымын жаңғырту және адами капиталды күшейту бағыттарында кешенді жұмыс жүргізілді.

Нәтижесінде Түркістан облысы индустриялық даму кезеңіне нық қадам басты. Салық құрылымындағы өнеркәсіп және өңдеу секторларының үлесінің артуы — экономиканы әртараптандыру саясатының тиімділігін көрсетеді. Инвестициялық жобалар тұрақты жұмыс орындарын ашып, жергілікті бюджет кірістерін ұлғайтты. Бұл өз кезегінде өңірдің дотациялық тәуелділігін төмендетуге жол ашты.

Шағын өндірістік парктер – жаңа жұмыс орындарының көзі

Өңірдің барлық аудандарында «Шағын өндірістік парк» жобасы іске асуда. Облыс әкімі Нұралхан Көшеров бұл бағыттағы жұмыстарды тұрақты бақылауда ұстап, жаңа өндірістерді іске қосу процесін үйлестіріп келеді.

Жалпы ауданы 238 гектарды құрайтын 21 шағын өндірістік алаң құрылды. Жоба аясында 248 өндірістік ғимарат салу жоспарланған, нәтижесінде 5 мыңға жуық жаңа жұмыс орны ашылады. Жалпы инвестиция көлемі — 213 млрд теңге.

Қазіргі таңда 40 ғимараттың құрылысы аяқталып, 32 жоба іске қосылды. Осы арқылы 2 мың адам тұрақты жұмыспен қамтылып, тартылған инвестиция 136 млрд теңгеге жетті. Өндірістік парктер аумағында жиһаз, жаңбырлатып суару жүйелері, мұздатқыш жабдықтар және құрылыс материалдарын шығаратын кәсіпорындар жұмыс істей бастады. Алдағы уақытта бейнебақылау камералары, медициналық жиһаз және тұрмыстық химия өнімдері өндірісі жолға қойылады. Бұл – ішкі нарықты қамту және экспортқа шығару әлеуетін арттырады.

Индустриялық серпін және инвестициялық өсім

2025 жылы облыста заманауи өндіріс орындарының жаңа легі іске қосылып, индустрия нақты экономикалық драйверге айналды. Бір ғана желтоқсан айында 7 зауыт пайдалануға беріліп, тағы 2 өндіріс орны мен 1 электр станциясының құрылысы басталды.

Жалпы алғанда, өңірде индустриялық аймақтар мен «Turan» арнайы экономикалық аймағы аясында ондаған жоба жүзеге асырылуда. Индустриялық аймақтарда 39 млрд теңге инвестиция тартылып, 50 жоба іске қосылды. Ал «Turan» арнайы экономикалық аймағында жалпы құны 223 млрд теңге болатын 20 ірі жоба жүзеге асырылуда.

11 айдың қорытындысы бойынша облыс экономикасына 1,4 трлн теңге инвестиция тартылып, өсім 123 пайызды құрады. Соның нәтижесінде 146 мың жаңа жұмыс орны құрылды. Бұл көрсеткіш – инвестицияның нақты экономикаға айналып, тұрақты табыс пен салық базасын кеңейтіп отырғанының айқын дәлелі.

Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметі

Қатысты жаңалықтар

ТҮРКІСТАН ОБЛЫСЫНДА БИЫЛ БАСТАУЫШ СЫНЫП ОҚУШЫЛАРЫ 100 ПАЙЫЗ ЫСТЫҚ ТАМАҚПЕН ҚАМТЫЛАДЫ

Bastynews

АРЫС ҚАЛАСЫНЫҢ ӘКІМІ ТҰРҒЫНДАРДЫ ЖЕКЕ ҚАБЫЛДАДЫ

bastynews

ЖҰМЫССЫЗДЫҚ ПЕН ТАБЫС ДЕҢГЕЙІ: 2025 ЖЫЛҒЫ ІІ ТОҚСАН ҚОРЫТЫНДЫСЫ

bastynews