Ақпарат

ТҮРКІСТАН: ТӘУЕЛСІЗДІК КҮНІ ҚАРСАҢЫНДА ЖАҢА АУЫЛ ТАБИҒИ ГАЗҒА ҚОСЫЛДЫ

Жетісай ауданында тұрғындарды табиғи газбен қамтамасыз ету жұмыстары жүйелі түрде жүргізіліп келеді. Қазіргі таңда аудандағы 105 елді мекеннің 92-сі көгілдір отынмен қамтылып, газ пайдаланушы елді мекендердің үлесі 87,7%-ға жетті. Бұл — ауыл тұрғындарының тұрмыс сапасын жақсарту мен экологиялық таза энергияға қол жеткізуге бағытталған маңызды қадам.

Тәуелсіздік күні қарсаңында Жаңа ауыл елді мекеніне газ беру рәсімі өтті. Аудан әкімі Серік Мамытов, «QazaqGaz Aimaq» АҚ Түркістан өндірістік филиалы Жетісай газ шаруашылығының директоры Бақтыбай Акеев, аудандық мәслихат депутаты Мақсат Айнабеков және ауыл тұрғындары шараға қатысып, жаңа жүйеге қосылған 2460 тұрғынның қуанышына ортақ болды. Енді олар қатты отынға тәуелді болмай, жыл бойы табиғи газдың жайлығын пайдалана алады.

Газдандыру жұмыстарының нәтижесінде өткен жылы ауданда 4 елді мекен, ал биыл жыл басынан бері 13 елді мекен көгілдір отынға қосылды. Жыл соңына дейін тағы 7 елді мекенді газдандыру жоспарланған. Қазіргі таңда 3 нысанның құрылыс-монтаж жұмыстары жүргізіліп, 10 елді мекенге жобалық-сметалық құжаттама дайындалуда.

Шара барысында газ инспекциясының өкілдері тұрғындарға газ құралдарын дұрыс пайдалану ережелерін түсіндіріп, арнайы жаднамалар таратты. Бұл тұрғындардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету мен газды тиімді пайдалану мәдениетін қалыптастыруға бағытталған.

Ауыл тұрғындары жаңа газ желісіне қосылғанына қуаныштарын жасырмады. «Енді қатты отын жағудың ауыртпалығы жоқ, үйлеріміз жылы әрі жайлы болады», — дейді ауыл тұрғыны Қайырбек Жұмабаев. Ал Жаңа ауыл мектебінің мұғалімі Айдана Әбілова балалардың да қауіпсіз жағдайда жылынып, оқу процесіне кедергі болмайтынын атап өтті.

Аудан әкімдігі алдағы уақытта барлық елді мекенді 100%-ға газдандыруды, жаңа тұрғын үйлер мен әлеуметтік нысандарға газ желісін жеткізуді, сондай-ақ тұрғындар арасында газды қауіпсіз пайдалану бойынша тұрақты түсіндіру жұмыстарын жүргізуді жоспарлап отыр.

Жаңа газ желілерінің іске қосылуы ауыл тұрғындарының өмір сапасын арттырып қана қоймай, заманауи инфрақұрылымды дамытуға, экологиялық таза энергия көздерін қолдануға және ауылды дамытудың маңызды стратегиялық бағытына айналатыны айқын көрініп отыр.

Сонымен қатар, облыс әкімдігі мен «QazaqGaz» компаниясы ауыл тұрғындарының ұсыныстарын ескере отырып, газ желілерін кеңейту, қосымша құрылыс және техникалық қызмет көрсету жұмыстарын тұрақты жүргізетін болады. Бұл шара ауылдың әлеуметтік-экономикалық дамуына үлесін қосып, Тәуелсіздік мерекесінің маңыздылығын тағы бір мәрте айқындайды.

Қатысты жаңалықтар

В Шымкенте представили инновационную мобильную лабораторию по выявлению утечек газа

bastynews

РАЗВИТИЕ КАДРОВОГО ПОТЕНЦИАЛА В ЭНЕРГЕТИЧЕСКОМ СЕКТОРЕ: ГОРОДСКОЙ ФОРУМ В ПОЛИТЕХНИЧЕСКОМ КОЛЛЕДЖЕ

bastynews

АЭС САЛЫНСА ҮЛКЕН АУЫЛЫ ҚАЛАҒА АЙНАЛҒАЛЫ ТҰР – ДЕПУТАТ

bastynews