Ақпарат Жаңалықтар

МЕГАПОЛИС ЖАСТАРЫ – НАҚТЫ ӨНДІРІСТЕ: ӘУЕЗОВ УНИВЕРСИТЕТІ МЕН АГРОӨНЕРКӘСІП СЕРІКТЕСТІГІ ТҮЛЕКТЕРДІ ТҰРАҚТЫ ЖҰМЫСПЕН ҚАМТУҒА ЖОЛ АШАДЫ

Шырайлы Шымкент – еліміздің үшінші мегаполисі ретінде білім мен өндіріс арасындағы байланысты тереңдете отырып, жастарды нақты секторға бағыттаудың тиімді жолдарын қалыптастырып келеді. Бұл үрдіске белсене атсалысып отырған М.Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан зерттеу университеті еңбек нарығына бейімделген кәсіби мамандарды даярлауда өндірістік құрылымдармен тығыз әріптестік орнатуға басымдық беріп отыр. Соның айқын дәлелі – университет пен ауыл шаруашылығы өнімдерін өндіретін «Алма» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясы арасында қалыптасқан серіктестік.

Аталған бастама аясында 2025 жылғы тамыз айында екіжақты кездесу өтіп, университеттің академиялық мәселелер жөніндегі проректоры Ернар Иманғалиев пен «Алма» СПК директоры Ақылбек Шалқаров білім беру процесін өндіріспен ықпалдастырудың нақты тетіктерін талқылады. Кездесудің негізгі мақсаты – агросалаға қажетті заманауи, тәжірибеге бейімделген мамандарды сапалы даярлау, олардың кәсіби құзыреттілігін арттыру және оқу бағдарламаларын еңбек нарығының сұранысына сәйкестендіру.

Бүгінгі таңда тек теориялық біліммен шектелу жеткіліксіз. Әлемдік үрдіске сай университет пен кәсіпорындар арасындағы интеграция – кадр даярлаудың жаңа сатысы. Осы серіктестік нәтижесінде студенттер кәсіби тәжірибені нақты өндірістік алаңдарда игеріп, өз болашақ мамандығын іс жүзінде толық меңгеруге мүмкіндік алады. Оқу барысында алынған теорияны ауыл шаруашылығы саласындағы ірі өндіріс базасында қолданып, практикалық машықтарын жетілдіретін болашақ мамандар – еңбек нарығында сұранысқа ие, бәсекеге қабілетті кадрға айналады.

«Алма» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясының базасында өтетін өндірістік тәжірибе барысында студенттер ауыл шаруашылығы өнімдерін өңдеу, логистика, агротехнологиялар, инновациялық агроөнімдер өндірісі сияқты бағыттар бойынша білімдерін тереңдетеді. Мұның барлығы университет пен өндіріс арасындағы ықпалдастықтың нақты жемісі екені сөзсіз. Сонымен қатар, өндірістік ортада машықтанған түлектердің кәсіби әлеуеті жоғары болмақ. Оқу аяқталған соң олардың дәл осы кәсіпорындарда тұрақты жұмысқа орналасу мүмкіндігі артып, жастардың жұмыспен қамтылуы мәселесі де оң шешім табады.

Бұл серіктестік – мегаполистегі жоғары оқу орындарының өңір экономикасына қосқан нақты үлесі. М.Әуезов университетінің өндіріспен әріптестігі жастардың кәсіби бағдарын айқындап қана қоймай, қаланың әлеуметтік-экономикалық дамуына серпін беретін маңызды бастамаға айналуда. Осындай жобалар Шымкент қаласының білім және өндіріс салалары арасындағы байланысты нығайтып, өңірдің зияткерлік әлеуетін дамытуға үлкен үлес қосады. Басты мақсат – мегаполис жастарына сапалы білім беріп қана қоймай, олардың кәсіби әлеуетін нақты салада іске асыруға мүмкіндік жасау.

Қатысты жаңалықтар

ТАТУЛЫҚ ПЕН ДОСТЫҚ – ҰЛТТЫҚ ҚҰНДЫЛЫҚ

bastynews

Елімізде төтенше жағдайлардың алдын алу жүйесі жақсаруда

bastynews

АКИМ ШЫМКЕНТА СДЕЛАЛ СВОЙ ВЫБОР НА ВЫБОРАХ

Bastynews