Жаңалықтар

ТҮРКІСТАН: ШАРДАРА АУДАНЫНДА ЖАҢА ӘКІМШІЛІК ҒИМАРАТЫ АШЫЛДЫ – ТҰРҒЫНДАРҒА САПАЛЫ ҚЫЗМЕТ КӨРСЕТУ ҮШІН

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың ауылдарды дамыту және ауыл әкімдіктерінің жұмысын жүйелеу жөніндегі тапсырмаларына сәйкес, Түркістан облысында жергілікті деңгейде жүйелі жұмыстар жалғасып жатыр. Сол бағыттағы маңызды қадам ретінде Шардара ауданы, Ұзын-Ата ауылдық округінде жаңа әкімшілік ғимараттың ашылу салтанаты ұйымдастырылды.

Салтанатты шараға аудан әкімі Арман Қарсыбаев, аудандық мәслихат төрағасы, ауыл ақсақалдары, жергілікті ардагерлер, ауыл тұрғындары және қоғамдық ұйым өкілдері қатысты. Аудан әкімі жаңа ғимараттың ашылуымен тұрғындарды құттықтап, оның қызмет көрсету сапасын арттырудағы маңыздылығын атап өтті. Сонымен қатар, ауыл ақсақалдары ақ баталарын беріп, жаңа нысанның тұрғындарға тиімді қызмет көрсетуін тіледі.

Шара барысында ауданның әлеуметтік-экономикалық дамуына елеулі үлес қосқан, ауылдың тыныс-тіршілігіне өзіндік ізін қалдырған ардагерлер «Шардара ауданына 60 жыл» мерейтойлық медалімен марапатталды. Бұл медаль жергілікті қоғам өміріне қосқан елеулі еңбектері мен адал қызметтерін бағалау белгісі болды.

Жаңа әкімшілік ғимарат екі қабатты, жалпы ауданы 232 шаршы метрді құрайды. Ғимаратта 7 кеңсе бөлмесі, қызметкерлерге арналған 18 жұмыс орны, сондай-ақ тұрғындарды қабылдау және кеңес беру бөлмелері қарастырылған. Құрылыс жұмыстары жергілікті бюджет есебінен жүргізілді.

Айта кетейік, ғимараттың құрылысы 2022 жылы басталған болатын. Қаржыландыру мәселелеріне байланысты іске асыру 2025 жылға дейін ұзартылған еді. Қазіргі таңда ғимарат толық пайдалануға беріліп, ауыл халқының сұранысына сәйкес сапалы және тиімді қызмет көрсетуге дайын.

Жаңа әкімшілік ғимараттың ашылуы ауылдық әкімдіктің жұмысын жетілдіруге, тұрғындармен байланыс пен әкімшілік қызмет көрсетудің сапасын арттыруға бағытталған маңызды қадам болып табылады. Бұл нысан тұрғындарға мемлекеттік қызметтерді жылдам әрі қолжетімді түрде көрсетуге, әкімдік жұмысының ашықтығын қамтамасыз етуге, ауыл тұрғындарының өмір сүру сапасын жақсартуға ықпал етеді.

Сонымен қатар, жаңа ғимараттың ашылуы аймақтың әлеуметтік инфрақұрылымын нығайтуға, ауыл тұрғындарының мәселелерін шешу процесін жеңілдетуге және мемлекеттік қызметтерді цифрландыру бағытындағы бастамаларды қолдауға серпін береді. Ауыл халқы үшін бұл – күнделікті тұрмыстық және әлеуметтік мәселелерін шешуде сенімді қолдау орталығының ашылуы болып отыр.

Қатысты жаңалықтар

ТҮРКІСТАН: МАҚТААРАЛДАҒЫ ТАЗАЛЫҚ ЖҰМЫСТАРЫНА СЫН АЙТЫЛДЫ

Bastynews

Конституциялық реформа – қоғамдық сананы жаңғыртудың өзегі

bastynews

ТҮРКІСТАН ОБЛЫСЫНДА ЖАҢА ЖОБАЛАРДЫ ІСКЕ АСЫРУ: ӨНДІРІС ПЕН ИНВЕСТИЦИЯНЫҢ ҮЙЛЕСІМІ

bastynews