Қытай Халық Республикасының Сауан қаласында Түркістан облысы Сауран ауданы делегациясының қатысуымен екіжақты ресми кездесу және өндірістік нысандарға танысу сапары өтті. Іс-шараның негізгі мақсаты – өңірлер арасындағы экономикалық және мәдени ынтымақтастықты нығайту, өндіріс саласындағы тәжірибе алмасу, ауыл шаруашылығы мен өңдеу өнеркәсібін дамыту бағыттарын пысықтау, сондай-ақ инвестициялық серіктестікті жаңа деңгейге көтеру болды. Бұл сапар Түркістан облысы әкімінің тапсырмасы аясында ұйымдастырылды.
Саурандық делегация мүшелері Сауан қаласындағы бірқатар ірі кәсіпорындар мен өндіріс орындарын аралап көрді.
Алдымен делегация Шыңжан Хұң Хы зерделі ауылшаруашылық машина жасау шекті серіктестігінде болып, ауыл шаруашылығына арналған заманауи техникаларды құрастыру, автоматтандыру үдерісімен танысты. Мұнан соң Шыңжан Шин Жиа Хы ауыл шаруашылығын дамыту шекті серіктестігіне барып, агротехникалық инновациялар мен өнім өндірудің тиімді тәсілдері жөнінде тәжірибе алды.
Сапардың келесі нысандары ауыл шаруашылығы өнімдерін өңдеу мен экспортқа шығару саласына бағытталды. Делегация Шыңжан Тиян Му Ху кілем жасау шекті серіктестігі мен Шыңжан Шиң Тай Чиан Уи ғылым-техника шекті серіктестігіне барып, технологиялық процестер, ұлттық нақыштағы өнімдерді өңдеу және ғылыми инновацияларды өндірісте қолдану әдістерімен танысты.
Сонымен қатар делегация Сауан Тай Хун май өнімдері шекті серіктестігі, Сауан Гай Руй сүт мәнерлеу серіктестігі және Сауан Шың Зы мал шаруашылық ғылымдары шекті серіктестігі сияқты өндіріс орындарында сапаны бақылау, экспорттық бағыттар, асыл тұқымды мал өсіру және генетикалық зерттеу тәжірибесін көрді.
Аталған сапар барысында Анжихай қызыл бұрыш қоймалжыңы зауыты мен Дачуан ауылындағы Шау Фаң Жуанзы қыстағы Шуаң Чуан ауыл шаруашылығы кооперативін аралау арқылы делегация жергілікті шикізатты тиімді пайдалану, аграрлық өнімдерді бірігіп өндіру және өткізу үлгісін зерттеді.
Сауран ауданының әкімі Мақсат Таңғатаров сапар барысында екіжақты әріптестіктің аймақ дамуына қосар үлесі зор екенін атап өтті. Сонымен қатар сапар аясында экономикалық, мәдени және инвестициялық серіктестікті дамытуға бағытталған келісімдерге қол жеткізу көзделіп отыр. Бұл іс-шара алдағы уақытта Түркістан облысы мен Сауан қаласы арасындағы ынтымақтастықты тереңдетіп, екі өңірдің ауыл шаруашылығы мен өндіріс саласындағы тәжірибе алмасуына жаңа серпін береді.
