Жаңалықтар

ТҮРКІСТАН: ТӘУЕЛСІЗДІК КҮНІ ҚАРСАҢЫНДА СОЗАҚ АУЫЛЫНДА ЗАМАНАУИ СПОРТ КЕШЕНІ АШЫЛДЫ

Қазақстан Республикасының Тәуелсіздік күні мерекесі қарсаңында Созақ ауылында бұқаралық спортты дамытуға бағытталған заманауи үлгідегі «Созақ» спорт кешенінің салтанатты ашылу рәсімі өтті.

Ауыл тұрғындары үшін үлкен қуанышқа айналған игі шараға аудан әкімі Мұхит Тұрысбеков, Түркістан облысының дене шынықтыру және спорт басқармасының басшысы Ғалымжан Худияров, аудандық мәслихат төрағасы Ордабек Жәмиев, сондай-ақ ауыл ақсақалдары мен тұрғындар қатысты.

Салтанатты шарада аудан басшысы Мұхит Сексенбайұлы сөз сөйлеп, ауыл жұртшылығын жаңа спорт нысанының ашылуымен және ел үшін қастерлі Тәуелсіздік күні мерекесімен құттықтады. Ол спорт кешенінің жастарды салауатты өмір салтын ұстануға, бұқаралық спортты дамытуға және дарынды спортшыларды тәрбиелеуге үлкен мүмкіндік беретінін атап өтті.

Түркістан облысының дене шынықтыру және спорт басқармасының басшысы Ғалымжан Худияров құттықтау сөзінде жаңа спорт кешенінен еліміздің көк Туын әлемдік ареналарда абыроймен желбірететін дарынды спортшылар өсіп шығарына сенім білдірді. Сонымен қатар, ол спорттық нысанның заманауи құрал-жабдықтармен қамтамасыз етілгенін, балалар мен жастарға кәсіби дайындық алу мүмкіндігі беретінін айтты.

Салтанатты рәсімнен кейін қатысушылар жаңа спорт кешенін аралап, ішкі құрылымы мен көрсетілетін қызмет түрлерімен танысты. Ғимаратта футбол, волейбол, баскетбол алаңдары, бокс, күрес және жалпы жаттығу залдары орналасқан. Сонымен қатар, кешенде медициналық кабинет, киім ауыстыратын және жуынатын бөлмелер, қызметкерлерге арналған жеке кабинеттер қарастырылған.

Айта кетейік, спорт кешенінің жалпы жер аумағы 1,5 гектар, ал ғимараттың жалпы көлемі 1356 шаршы метрді құрайды. Кешен аумағы толық қоршалған және ғимараттың сыртқы фасады заманауи үлгіде қапталған.

Жаңа спорт кешені ауыл тұрғындарының, әсіресе жастардың спортпен жүйелі айналысуына мүмкіндік беріп қана қоймай, бұқаралық спорттың дамуына тың серпін береді. Бұл нысан жастарды спортқа баулып, дарынды спортшыларды тәрбиелеу, сондай-ақ ауданның әлеуметтік-инфрақұрылымын нығайту мақсатындағы маңызды қадам болып саналады.

Сонымен қатар, аудан әкімдігі алдағы уақытта спорт кешенінде аймақтық жарыстар, балалар мен жастар арасында турнирлер, салауатты өмір салтын насихаттайтын іс-шаралар ұйымдастыруды жоспарлап отыр. Бұл ауыл тұрғындарын біріктіруге, олардың спортқа деген қызығушылығын арттыруға және ауылдың әлеуметтік белсенділігін көтеруге бағытталған маңызды қадам болып табылады.

Қатысты жаңалықтар

«БІЛІМІМ – ОТАНЫМ»: ЖАҢА ФОРМАТТАҒЫ БІРЫҢҒАЙ ТӘРБИЕ САҒАТЫ ОҚУШЫЛАРДЫҢ АЗАМАТТЫҚ ЖӘНЕ ЗИЯТКЕРЛІК ӘЛЕУЕТІН АРТТЫРУҒА БАҒЫТТАЛДЫ

bastynews

ДУАЛЬНОЕ ОБУЧЕНИЕ ОБУЧАЮЩИХСЯ ПО ОБРАЗОВАТЕЛЬНОЙ ПРОГРАММЕ «ФАРМАЦИЯ» НА БАЗЕ «ЭКО-ФАРМ»

bastynews

Қаратау ауданы Тәуелсіздік күні мерекесі қарсаңында арнайы іс-шара өткізді

bastynews