Басты жаңалықтар

ТҮРКІСТАНДА ҰЛЫ ЖЕҢІСТІҢ 80 ЖЫЛДЫҒЫНА ОРАЙ ОБЛЫСТЫҚ ПАТРИОТТЫҚ ӘН БАЙҚАУЫ ӨТТІ

«Фараб» әмбебап ғылыми кітапханасында Ұлы Жеңістің 80 жылдығына арналған облыстық деңгейдегі патриоттық әндер байқауы мәресіне жетті. Шараға өңірдің барлық аудан-қалаларынан келген 60 жастан асқан өнерлі ардагерлер қатысып, өз шеберліктерін көпшілікке паш етті.

Іс-шараның ресми ашылуында Түркістан облыстық ардагерлер кеңесінің төрағасы Жеңісбек Мауленкулов және облыстық мәдениет басқармасы басшысының орынбасары Мұқағали Кенжетайұлы құттықтау сөз сөйлеп, қатысушыларға шабыт пен сәттілік тіледі.

Байқаудың басты мақсаты – тарихи Жеңістің маңызын жас буынға ұғындыру, отаншылдық рухты күшейту, ардагерлер ерлігін құрметтеу және патриоттық бағыттағы ән өнерін кеңінен насихаттау болды. Қатысушылар елжандылық тақырыбындағы туындыларды жанды дауыспен орындап, орындау мәдениеті, дауыс диапазоны, көркемдік мазмұн, сахналық бейне сияқты өлшемдер бойынша бағаланды. Сонымен қатар дуэт, трио және квартет құрамында өнер көрсету мүмкіндігі берілді.

Байқау нәтижесі бойынша жеңімпаздар:

  • Бас жүлде – Нұрлан Адамбеков (Шардара ауданы)
  • І орын – «Сырлы Созақ» квартеті (Созақ ауданы)
  • ІІ орын – Құрманәлі Жылқыбай (Ордабасы ауданы)
  • ІІ орын – Алима Жолдыбаева (Жетісай ауданы)
  • ІІІ орын – Жақсыбай Оналбек (Сайрам ауданы)
  • ІІІ орын – «Нұрлы шуақ» отбасылық дуэті (Төлеби ауданы)
  • ІІІ орын – «Мейірім» тобы (Қазығұрт ауданы)

Байқау барысында үздік шыққан қатысушыларға дипломдар мен арнайы сыйлықтар табысталды. Сонымен қатар, шараға қатысушылар мен көрермендер үшін естелік фото-сессия ұйымдастырылып, өнер мерекесі ерекше атмосфераға бөленді.

Шара барысында қатысушылардың шығармашылық шабыты мен сахналық көріністері көрермендердің жүрегіне жол тапты. Әншілер өз туындылары арқылы Ұлы Жеңістің рухын, батырлық пен ерлікті жас ұрпаққа жеткізді. Байқауға келген ардагерлер өздері қатысқан тарихи оқиғаларды еске алып, ән арқылы жастарға өнегелі үлгі көрсетті.

Облыстық патриоттық әндер байқауы – тарихи естелікті дәріптеп, өнер арқылы отаншылдықты тәрбиелеуге бағытталған маңызды мәдени шара. Шара соңында ұйымдастырушылар: «Мұндай іс-шаралар жастарға тарихымызды танытуға, ардагерлеріміздің ерлігін құрметтеуге және патриоттық сезімді арттыруға зор үлес қосады», – деп атап өтті.

Алдағы уақытта Түркістан облысында патриоттық бағыттағы әндер байқаулары мен мәдени іс-шаралар тұрақты түрде өткізіліп, жас ұрпаққа ерлік пен елжандылық үлгісін көрсету жалғасатыны жоспарланып отыр.

Қатысты жаңалықтар

ЖАС ЗЕРТТЕУШІЛЕРДІҢ ЖЕТІСТІГІ – БІЛІМ ОРДАСЫНЫҢ АБЫРОЙЫ

bastynews

Қазақстанда алаяқтықтың жаңа түрі пайда болды

Bastynews

БҮГІН А.ДИВАЕВ КӨШЕСІНДЕГІ ГҮЛЗАР ПАЙДАЛАНУҒА БЕРІЛДІ

bastynews