Түркістан облысында Республикалық «Гендерлік зорлық-зомбылыққа қарсы 16 күн белсенді іс-қимыл» науқаны аясында облыстық іс-шаралар жоспарына сәйкес алдын алу және ақпараттық-түсіндіру бағытындағы кең ауқымды жұмыстар жүргізілді. Іс-шаралар Түркістан облысы қоғамдық даму басқармасы мен «Жастар ресурстық орталығы» КММ бастамасымен, аудан және қалалық жастар ресурстық орталықтарының ұйымдастыруымен өткізілді. Жұмыстар психо-профилактикалық, әлеуметтік, құқықтық бағыттарды қамтып, тұрғындар арасында ақпараттық сауаттылықты арттыруға бағытталды.
Науқан шеңберінде «Тұрмыстық зорлық-зомбылық – қоғам дерті» тақырыбында семинар-тренингтер, дөңгелек үстелдер, кездесулер, флешмобтар, әлеуметтік акциялар және ақпараттық буклеттер таратылды. Шараларға Отбасын қолдау орталықтары, құқық қорғау органдары, психологиялық қызмет мамандары және заң саласының білікті өкілдері қатысып, қоғамдағы құқықтық мәдениетті көтеруге және азаматтар арасындағы өзара жауапкершілікті нығайтуға үлес қосты.
Іс-шара барысында тұрмыстық зорлық-зомбылықтың алдын алу тетіктері, азаматтардың құқықтық сауаттылығын арттыру жолдары, әйелдер мен балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету мәселелері жан-жақты талқыланды. Мамандар қатысушыларға қолданыстағы заңнама нормалары, қорғау нұсқамалары, дағдарыс орталықтарының қызметі, сондай-ақ зорлық-зомбылыққа ұшыраған азаматтардың құқықтары мен көмек алу тәртібі жөнінде ақпарат берді.
Сонымен қатар, жастар аудиториясына бағытталған арнайы түсіндіру жұмыстары жүргізілді: профилактикалық сұхбаттар, құқықтық кеңестер, тренингтер мен пікірталас алаңдары ұйымдастырылып, жас буынға зорлық-зомбылыққа қарсы нөлдік төзімділік қағидатын қалыптастыруға ерекше назар аударылды.
Бұл науқан өңірде қауіпсіз, жайлы және әлеуметтік жағынан қолайлы орта қалыптастыруға, тұрмыстық зорлық-зомбылықтың алдын алуға, азаматтардың құқықтық сауаттылығын арттыруға бағытталған маңызды шаралардың бірі болып отыр.
Шара соңында ұйымдастырушылар тұрғындарға былай деп үндеу жасады:
«Зорлық-зомбылыққа жол бермеу – әр азаматтың парызы, ал тату, ынтымақты қоғам құру – баршамыздың ортақ міндетіміз».
Алдағы уақытта Түркістан облысында осындай профилактикалық және ақпараттық іс-шаралар тұрақты түрде өткізіліп, тұрғындар арасында зорлық-зомбылыққа қарсы мәдениет қалыптастыруға әрі құқықтық сауаттылықты арттыруға бағытталмақ.
