Бүгінде еліміздің үшінші мегаполисі – Шымкент қаласындағы жастардың құқықтық мәдениетін көтеруге жергілікті әкімдік тарапынан жіті көңіл бөлініп, ауқымды жұмыстар кезең-кезеңімен атқарылып келеді. Бұл бағытта халық арасында ақпараттық-түсіндіру бағытындағы жұмыстарға айрықша басымдық берілген.
Тұрғындардың құқықтық мәдениетін арттыру, сыбайлас жемқорлық көріністеріне төзбеушілікке тәрбиелеу бағытында: «Құқықты білу – заман талабы», «Сыбайлас жемқорлыққа жол жоқ!», «Кәмелетке толмаған жастар арасындағы құқықбұзушылық», «Жасөспірімдердің қылмыстық жауапкершілігі», «Жемқорлық – індет, күресу – міндет» тақырыбында арнайы сала мамандарымен кездесулер ұйымдастырылды. Алты мыңға жуық жастың қатысуымен 42 іс-шара ұйымдастырылды.
Жас буын арасында құқық бұзушылықтың алдын алу мақсатында «Түнгі қаладағы жастар», «Жасөспірім», «Көше» акциялары аясында ювеналды полиция қызметкерлерімен бірлесіп, қала аумағында 12 рейдтік іс-шара өтті. Кәмелет жасқа толмағандардың түнгі уақытта заңды өкілдерінсіз ойын-сауық мекемелерінде жүргені анықталып, 68 әкімшілік хаттама толтырылды. Ал түнгі уақытта тұрғын жайдан тыс жерде жүргендерге қатысты «Әкiмшiлiк құқық бұзушылық туралы» Кодекстің талаптарына сай 660 әкімшілік хаттама толтырылды.
Шымкент қаласы ішкі саясат және жастар істері жөніндегі басқармасының «Жастар ресурстық орталығы» мен «Шымкент қаласы және Түркістан облысы бойынша қылмыстық-атқару жүйесі департаменті» арасындағы бас бостандығынан айыру орындарындағы және пробация қызметі бөлімінің есебіндегі сотталғандардың түзелуіне ықпал жасау және оларға психологиялық, әлеуметтік, құқықтық көмек түрлерін көрсету мақсатындағы өзара ынтымақтастық туралы бірлескен меморандумға қол қойылды. Аталған меморандум аясында сотты болған азаматтарды қоғамға бейімдеу және олардың қайта қылмыс жасау тәуекелін азайту бағытында бірқатар кешенді әрі жүйелі жұмыстар атқарылды.
Жас буынды жаман жолға түсірмеу және құқық бұзудың салдары құқықтық жауапкершілікке әкеп соқтыратынын жастар арасында түсіндіру үшін ақпараттық-түсіндіру жұмыстары барынша күшейтілді. Дәстүрлі электронды БАҚ пен мерзімді басылымдардың және әлеуметтік желінің әлеуеті жан-жақты пайдаланылды.
Қазіргі таңда есірткі жайы қоғамда күйіп тұрған ең өзекті проблемалардың бірі. Әсіресе, ақша табу мақсатымен жастардың курьерлік қызмет атқарып жүріп арамзалардың үйіп-төккен уәдесіне сеніп, жазықсыздан-жазықсыз сотты болып кеткені қаншама. Осындай құйтырқы мақсатты көздеген жарнамалар мен жеңіл жолмен мол табыс ұсынатын арам пиғылдылардың арбауынан түсіп қалмау үшін жас буын арасында атап айтқанда, қаладағы әрбір оқу орны мен жастар көп шоғырланатын қоғамдық орындарды түсіндіру іс-шаралары жүргізілді. Бірде-бір оқу орын назардан тыс қалмады Сондай-ақ қоғамда өз орнын таппай жүрген жас буын арасында да осы бағыттағы жұмыстар күшейтіліп, айрықша ден қойылды.
Бүгінде қалалық полиция департаментінің есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасы мен учаскелік полиция қызметкерлері, «Есірткісіз болашақ» ұйымының белсенділері мен қалалық «Жастар ресурстық орталығы» және «Психикалық денсаулық сақтау орталығы» мамандарымен бірге есірткі жарнамасының алдын алу мақсатында «STOP: Есірткіге жол жоқ» акциясы аясында шаһардағы сауда нүктелерінде түсіндірме жұмыстарын жүргізуде. Бұл жұмыстар тұрақты әрі мақсатты жалғасын табады.
Белсенділер мен еріктілердің және жұмыс тобының әлеуетімен «Есірткіге қарсы күрес» акциясы аясында А.Байтұрсынов, Ш.Уәлиханов, Сайрам және Түркістан, Ә.Молдағұлова және Георгий Байдуков, Ұ.Арғынбеков, С.Бәйтереков, Т.Рысқұлов көшелері мен Бәйдібек би даңғылы және Медиков, Виноградная, Мичурин, Ескі қалашық шағынауданы, Қоқанды, Бостандық, Колхозная, Мамытова, Күйші, Қызыл қайың, Безделева, Қалтаев сынды бірқатар көшелер бойындағы граффити түріндегі есірткі жарнамалары анықталып, тұрғын үйлердің қас бетіндегі 300-ге жуық графикалық үлгідегі есірткі заттарын жарнамалайтын ақпараттық хабарламалар өшірілді.
Баршаңызға белгілі, қоғамда орын алатын қылмыстардың басым бөлігі алкогольді ішімдіктердің салдарынан орын алады. Осы орайда, алкоголь мен есірткінің зиянды жақтарын жастар арасында түсіндіріп, жас буынды салауатты өмір салтына баулу мақсатында қалалық полиция департаментінің есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасы мен «Психикалық денсаулық сақтау орталығы» және №3 спорт мектебінің спортшыларының қатысуымен көптеген кездесулер ұйымдастырылды. Осы бағытта жоғарғы оқу орындары мен колледждерде 42 кездесу өтіп, оған 5 мыңнан астам жастың қатысып, олардың зиянды әдеттер жайында толық ақпарат алуына жағдай жасалды. Одан бөлек, «Нашақорлық – қоғамның қауіпті індеті», «Құқықтық тәртіп» тақырыбында сала мамандарының қатысуымен кездесулер сериясы ұйымдастырылды. Оған 1200-ден астам жас қамтылды.
Тұрғындарды құлақтандыру бағытында «Есірткісіз болашақ» тақырыбы аясында танымал мәдениет саласының майталмандары мен жастар арасында зор беделге ие тұлғалардың қатысуымен жастарды есірткіден аулақ болуға үндейтін бейнероликтер түсіріліп, жастар көп отыратын әлеуметтік желіге орналастырылды. Есірткінің зиянды тұстарын жан-жақты түсіндіру үшін жастар арасында «Нашақор болмаудын 100 себебі» тақырыбында пікірсайыс турнирі ұйымдастырылды.
Қалалық білім басқармасы, «Жастар ресурстық орталығы» және «Психикалық денсаулық орталығы» «Халықаралық нашақорлыққа қарсы күрес күні» күніне орай «Отырар» колледжі, «Индустриалды-техникалық колледжі», «Оңтүстік Қазақстан гуманитарлық-экономикалық колледжінің» студенттерін кинологиялық қызмет орталығына экскурсияға апарып, есірткі тыққан адамды үйретілген иттердің қалай жылдам іздеп табатыны көрсетілді. Қаладағы «Арбат» демалыс аймағында «Есірткіні қолдану ауыр және қайтымсыз салдарға әкеледі», «Есірткі тұралы мифтер мен шындық», «Есірткінің ағзаға әсері және есірткі заттарын қолдану салдары» тақырыптарында ата-аналар арасында түсіндірме жұмыстары жүргізіліп, ақпараттық парақшалар таратылды. «Біз салауатты өмір салтын қолдаймыз» ұранымен эстафеталық жарыс ұйымдастырылды.
Тоқсан ауыз сөздің тобықтай түйіні – біз қоғам дамуына жағымсыз әсер ететін заттардың кері тұстары туралы тәулік бойы айтуға дайынбыз. Осы салада жұмыс істеп жүрген мамандар жастар арасында құқықтық мәдениеттің артып, құқықтық білімдердің көтерілуіне мүдделі. Біз жастарды дұрыс жолдан тайдыратын дүниелердің қоғамда кеңінен дәріптелуіне және жарнамалануына қарсымыз.
Адамды есінен айыратын есірткіге деген тәуелділіктің соңы ешқашан жағымды сипатта аяқталған емес. Сондықтан еліміздің болашағына балта шабатын есірткінің зияндылығы жас буынға отбасыда берілетін тәлім-тәрбиеге арқылы да түсіндірілуі тиіс. Әсіресе, ата-ананың құқықтық тұрғыда хабарлдар болуы, ұл-қызын жаман әдеттерден үнемі тиып отыруы – болашақта орын алуы ықтимал жағымсыз жағдаяттардың алдын алары сөзсіз.