Қоғам

ТҮРКІСТАНДА ҚХА-НЫҢ 30 ЖЫЛДЫҒЫНА ОРАЙ «ҮКІЛІ ДОМБЫРА» БАЙҚАУЫ БАСТАЛДЫ

Түркістандағы «Достық үйі» ғимаратында облыстық қоғамдық даму басқармасы мен «Қоғамдық келісім» КММ ұйымдастыруымен этнос өкілдері арасында Ұлттық домбыра күні және Қазақстан халқы Ассамблеясының 30 жылдығына орай «Үкілі домбыра» байқауы басталды.

Байқаудың басты мақсаты – Қазақстан халқы Ассамблеясының «Елтану» жобасын іске асыру, талантты домбырашыларды анықтау және оларға құрмет көрсету, облыстың мәдени имиджін көтеруге атсалысу, этнос өкілдеріне ұлттық өнерді насихаттау болып табылады. Сонымен қатар, шара жастар арасында музыкалық мәдениетті насихаттау, дәстүрлі өнерді дәріптеу және ұлт тарихын сақтауға бағытталған.

«Үкілі домбыра» байқауы үш номинация бойынша өтіп жатыр: «Дәстүрлі ән орындау», «Күй орындау», «Терме орындау». Байқауға қала мен аудандардан келген өнерпаздар қатысып, өз өнерлерін ортаға салып, бақтарын сынауда. Әр қатысушы ұлттық музыкалық дәстүрлерді сақтап, сахнада өз шеберлігін көрсетуге тырысып жатыр.

Байқаудың ашылу салтанатында Түркістан облыстық қоғамдық даму басқармасы басшысының орынбасары Нұрсұлтан Сейтжанов қатысушыларды құттықтап, шараның маңыздылығын атап өтті:
– «Бүгінгі байқау тек домбыра орындаушыларының шеберлігін көрсетуге ғана емес, ұрпаққа ұлттық өнерді дәріптеу, дәстүрлі музыканы насихаттау арқылы этнос өкілдерін бірлік пен достыққа шақыруға бағытталған маңызды шара болып отыр», – деді ол.

Байқауға кәсіби әділ баға беру үшін арнайы қазылар алқасы шақырылған. Қазылар орындаушыларды орындау мәнері, сахналық мәдениеті, аспапқа шеберлігі және шығармашылық жаңашылдығы бойынша бағалайды. Сонымен қатар, байқау барысында жас өнерпаздарға шеберлік сабақтары өткізіліп, домбыраның дәстүрлі техникасын жетілдіру бағытындағы кеңестер берілуде.

Байқау қорытындысында үздік өнерпаздар мен жетекшілері Алғыс хаттармен, бағалы сыйлықтармен марапатталады. Жеңімпаздар алдағы уақытта облыстық және республикалық деңгейдегі мәдени іс-шараларға қатысуға мүмкіндік алады.

Шараның тағы бір ерекшелігі – этнос өкілдерінің арасындағы достық пен ынтымақты нығайту. Мұндай мәдени іс-шаралар арқылы жастар ұлттық дәстүрлерді дәріптеп, рухани құндылықтарды бойына сіңіреді, этностар арасындағы мәдени байланыс күшейеді.

«Үкілі домбыра» байқауы Түркістан облысының мәдени өміріне жаңа серпін беріп, ұлттық өнерді насихаттау, талантты жастарды анықтау және қолдау арқылы өңірдің мәдени имиджін арттыруға үлес қосуда.

Қатысты жаңалықтар

ҚАЗАҚСТАНДА БАЛАЛАРДЫҢ ҚАУІПСІЗДІГІНЕ БАҒЫТТАЛҒАН КЕШЕНДІ ШАРАЛАР ЖҮЗЕГЕ АСЫРЫЛУДА

bastynews

Оралда әскери сарбаз өз-өзіне қол жұмсады

Bastynews

ҰЛТТЫҚ РУХАНИ МҰРАНЫ ЗЕРТТЕУ ЖӘНЕ ТАРИХИ ЖАДЫНЫ ЖАҢҒЫРТУДАҒЫ ҒЫЛЫМИ БАСТАМАЛАР

bastynews