Өзбекстан Республикасының астанасы Ташкент қаласында Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеров пен Өзбекстан Республикасының Премьер-Министрі Абдулла Ариповтің ресми кездесуі өтті. Басқосуға Қазақстан Республикасының Өзбекстан Республикасындағы Төтенше және Өкілетті Елшісі Бейбіт Атамқұлов та қатысып, тараптар арасындағы өзара әріптестікті тереңдету мәселелеріне қолдау білдірді.
Кездесу барысында Қазақстан мен Өзбекстан арасындағы стратегиялық серіктестікті одан әрі дамыту, сауда-экономикалық байланыстарды нығайту, шекара маңы өңірлерінің өзара ықпалдастығын арттыру және екі ел үшін де тиімді бірлескен жобаларды іске асыру мәселелері жан-жақты талқыланды.
Тараптар, әсіресе, туризм саласын дамытуға айрықша назар аударды. Түркістан мен Самарқанд, Хиуа, Бұхара сынды тарихи қалаларды біріктіретін ортақ туристік бағыттар қалыптастыру, зиярат және мәдени туризмді дамыту, туристік инфрақұрылымды жетілдіру бағытындағы бастамалар қарастырылды. Сонымен қатар өндіріс орындарын ашу, өңіраралық кооперацияны күшейту, бірлескен инвестициялық жобаларды жүзеге асыру және кәсіпкерлерге қолайлы жағдай жасау мәселелері қозғалды.
Нұралхан Көшеров Түркістан облысы мен Өзбекстанның шекаралас өңірлері тарихи, мәдени және экономикалық тұрғыдан тығыз байланыста екенін атап өтіп, осы әлеуетті тиімді пайдалану арқылы өңірлік дамуға серпін беруге болатынын жеткізді. Оның айтуынша, инфрақұрылымды дамыту, логистикалық мүмкіндіктерді кеңейту және шекара маңы саудасын жандандыру екі тарапқа да айтарлықтай пайда әкеледі.
Өз кезегінде Абдулла Арипов Қазақстанмен, оның ішінде Түркістан облысымен әріптестікті нығайту Өзбекстан үшін маңызды бағыттардың бірі екенін айтып, бірлескен жобаларды қолдауға дайын екенін білдірді. Ол екі ел арасындағы мәдени-гуманитарлық байланысты кеңейту, білім, туризм және инвестиция салаларында нақты нәтижеге бағытталған жұмыстарды күшейту қажеттігін атап өтті.
Кездесу барысында тараптар шекара маңы ынтымақтастығын жаңа деңгейге көтеру, туристік және өндірістік жобаларды бірлесе жүзеге асыру, сондай-ақ өңіраралық байланыстарды жүйелі түрде дамыту жөнінде ортақ пікірге келді.
Айта кетейік, Түркістан облысының делегациясы сапар аясында Өзбекстанның Ташкент, Самарқанд, Үргеніш және Хиуа қалаларында болып, жергілікті атқарушы орган өкілдерімен, туризм және инвестиция саласына жауапты басшылармен кездесулер өткізіп, бірқатар нақты келіссөздер жүргізуді жоспарлап отыр. Бұл кездесулер екіжақты ынтымақтастықты практикалық деңгейде нығайтуға және жаңа бірлескен жобалардың басталуына негіз болмақ.
