Түркістан қаласында «Заң мен тәртіп» жобасы аясында Қазақстан Республикасы Қаржылық мониторинг агенттігінің ұйымдастыруымен республикалық «ZANDY KÚLKІ» жайдарман ойыны жоғары деңгейде өтті.
Аталған шараға Түркістан облысы әкімінің орынбасары Ертай Алтаев, ҚР Қаржылық мониторинг агенттігінің ресми өкілі Ернар Тайжан және Түркістан облысы бойынша Экономикалық тергеп-тексеру департаментінің басшысы Ерболат Балғабаев қатысып, командаларға сәттілік тілеп, жастар бастамаларын қолдаудың маңыздылығына тоқталды. Қонақтар өз сөздерінде жастар арасында құқықтық мәдениетті арттыру, заңға құрметпен қарау және өнер арқылы ой еркіндігін дамыту қоғамның тұрақты дамуына ықпал ететін маңызды бағыттардың бірі екенін атап өтті.
Жайдарман сайысының негізгі мақсаты – жас таланттарды қолдау, олардың шығармашылық әлеуетін ашу, әзіл-сықақ жанры арқылы құқықтық сауаттылықты насихаттау және бәсекеге қабілетті мәдени буын қалыптастыру. Кештің жүргізушісі, Қазақстан КВН Одағы РЖҚБ президенті Есентүгел Елеукен көрермендерге көтеріңкі көңіл күй сыйлап, ойынның мазмұнды әрі тартымды өтуіне үлес қосты.
Биылғы республикалық додаға еліміздің әр өңірінен іріктелген 12 команда қатысып, өзара бақ сынасты. Атап айтқанда, «Жеңіс», «Q» құрамасы, «Меркістан», «Зертас», «Ату мини», «Сұрап алмадық», «Алма кю», «Абибас», «Абырой», «Джеки Шаңырақ», «Киров» және «Эверест» командалары сахна төрінде өнер көрсетті. Қатысушылар әртүрлі тақырыптарды әзілмен өрнектеп, сахналық мәдениеті мен креативті көзқарасын таныта білді.
Қазылар алқасы командалардың өнерін әзілдің өзектілігі, қойылымның мазмұны, актерлік шеберлік, сахна мәдениеті және жалпы көрерменге жеткізу деңгейі бойынша бағалады. Сарапшылар жастардың кәсіби деңгейге ұмтылысы мен шығармашылық ізденісін жоғары бағалап, олардың әлеуеті зор екенін атап өтті.
Аталған өнер бәсекесі жастар арасындағы достықты нығайтып, бірлік пен мәдени құндылықтарды дәріптеуге, сондай-ақ құқықтық тәрбие беруге өз үлесін қосты. Жарыс қорытындысы бойынша үздік деп танылған командаға Қазақстан Республикасы Қаржылық мониторинг агенттігі төрағасының арнайы кубогі табысталды. Сонымен қатар жеңімпаздар мен жүлдегерлер бағалы сыйлықтармен марапатталып, барлық қатысушыларға алғыс хаттар тапсырылды.
