Түркістан облысында интернет-алаяқтықпен күрес күшейтіліп, биылғы 10 айда құқық қорғау органдары айтарлықтай нәтижелерге қол жеткізді. Өңірде 661 интернет-алаяқтық фактісі тіркелген. Бұл туралы Түркістан облыстық Полиция департаментінің Киберқылмысқа қарсы іс-қимыл басқармасы бастығының міндетін атқарушы Ермек Ералыұлы Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз брифингінде мәлімдеді.
Спикердің айтуынша, жыл басынан бергі жедел іздестіру іс-шаралары барысында киберқылмысқа қатысы бар 38 күдікті анықталып, олардың үстінен бірнеше қылмыстық іс қозғалды. Тергеу материалдарына сәйкес, күдіктілер тұрғындарға жалпы көлемі 70 миллион теңгеден астам материалдық шығын келтірген.
Сонымен қатар, астана қаласында орналасқан, өз құрылымында 68 дропты қамтыған ұйымдасқан қылмыстық топтың әрекеті әшкереленді. Тергеу барысында олардың қаржыны заңсыз жолмен айналдырып, алаяқтық схемаларға қатысқаны анықталған. Қазіргі таңда топ мүшелерінің қылмыстық байланыстары мен қаржы айналымы жан-жақты тексерілуде.
Киберқылмысқа қарсы іс-қимыл басқармасы биыл «Антифрод-орталық» жүйесі арқылы күдік тудыратын 1 288 банктік есепшотты бұғаттауға арнайы мемлекеттік органдарға ұсыныс енгізген. Бұл – алаяқтық схемалардың алдын алу және азаматтардың қаржысын қорғау бағытында қабылданған маңызды шара.
Полиция департаменті ақпараттық қауіпсіздік жұмысын күшейту мақсатында Халықаралық Қазақ-Түрік Университетімен меморандум жасасқан. Осы ынтымақтастық аясында «Кибернадзор» жүйесі іске қосылып, оның көмегімен 4 300-ден астам заңға қайшы интернет-контент бұғатталды. Бұғатталған материалдардың басым бөлігі қаржылық алаяқтыққа, фишингтік сілтемелерге, жалған инвестициялық платформаларға және азаматтардың жеке деректерін заңсыз жинауға бағытталған.
Тек қылмыстық іздестіру шаралары емес, профилактикалық жұмыстар да жүйелі түрде жүргізіліп келеді. Жыл басынан бері облыстағы мектептер мен білім беру ұйымдарында полиция қызметкерлері 4 000-нан астам оқушыға және 500-ге жуық педагогқа интернеттегі қауіпсіздік, бейтаныс сілтемелерге сенбеу, күдік тудыратын хабарламаларды анықтау, жеке мәліметтерді қорғау ережелері жөнінде түсіндіру дәрістерін өткізген.
Құқық қорғау органдарының айтуынша, интернет-алаяқтықтың көбеюіне әлеуметтік желілердегі жалған парақшалар, онлайн-қызметтерге сенім, жылдам табысқа қызығушылық және азаматтардың цифрлық сауаттылығының төмендігі әсер етеді. Сондықтан полиция департаменті тұрғындарды сақ болуға, күдікті әрекеттерді дереу «102» нөміріне хабарлауға шақырды.
Түркістан облысында киберқылмыспен күрес жұмыстары алдағы уақытта да жалғасын таппақ. Полиция департаменті интернет кеңістігіндегі заңсыз әрекеттерді анықтау, үздіксіз мониторинг жүргізу және тұрғындардың қаржылық қауіпсіздігін қамтамасыз етуге бағытталған жаңа технологиялық жүйелерді енгізуді жоспарлап отыр.
