▪️ Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен қолға алынған «Таза Қазақстан» бағдарламасы Түркістан облысында жүйелі жалғасуда. Аталған бастама аясында 9 желтоқсан – Халықаралық сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес күніне орай ағаш отырғызу шарасы ұйымдастырылып, «Бірлік аллеясы» ашылды. Шара барысында 150-ге жуық жас ағаш егілді.
▪️ Түркістан қаласындағы «Парасат» саябағында өткен шараға Түркістан облысының мәслихат төрағасы Нұралы Әбішов, облыс әкімінің орынбасары Нұрбол Тұрашбеков, Қазақстан Республикасының Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің Түркістан облысы бойынша департаментінің басшысы, әдеп жөніндегі кеңес төрағасы Абылайхан Наурызбаев, басқарма және департамент басшылары, мемлекеттік қызметшілер мен ерікті жастар қатысты.
📌– Халықаралық сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес күнін ағаш отырғызу арқылы атап өту – үлкен символдық мәнге ие, – деді Нұралы Әлмаханұлы. – Жемқорлыққа қарсы күрес те дәл осы табиғат сияқты – табандылықты, тазалықты және жаңаруды талап етеді. Ағаш отырғызу арқылы біз қоғамда жаңаруға деген ұмтылысты бекітіп, келешек ұрпаққа аманат қалдырамыз.
▪️ Өз кезегінде облыс әкімінің орынбасары Нұрбол Әбдісаттарұлы Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың 5 жыл ішінде 2 млрд түп ағаш отырғызу жөніндегі тапсырмасы аясында облыста нақты жұмыстар атқарылып жатқанын атап өтті. Ол табиғатты аялау мен сыбайлас жемқорлыққа қарсы күресте бірлесе жұмыс істеуге шақырды.
▪️ Шара барысында ерекше жобалар мен экологиялық бастамалар таныстырылды. Қатысушылар бірлесіп көшеттерді отырғызып, олардың күтімі мен қорғалуына жауапкершілік алуға ант берді. Сонымен қатар балалар мен жастарға арналған экологиялық акциялар, семинарлар мен флешмобтар өткізілді, бұл бастамаға қоғамның барлық саласының қатысуын қамтамасыз етті.
▪️ Шара соңында концерттік бағдарлама ұсынылды, ұлттық өнер үлгілері көрсетіліп, тұрғындар мен жастардың қатысуымен мерекелік атмосфера қалыптастырылды.
▪️ Биылғы жылдың күзгі маусымында өңірде 500 мыңнан астам ағаш отырғызу жоспарланған. Қазіргі таңда орман шаруашылығы мекемелерінен 400 мыңнан аса көшет босатылып, егілуде. Олардың қатарында қарағай, терек, қарағаш және үйеңкі сынды ағаш түрлері бар. Бұл бағыттағы жұмыстар келесі жылдары да жалғасады, ал арнайы жасалған «Бірлік аллеясы» қоғамдық санада сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениетті қалыптастырудың символы болып қала береді.
