Түркістан – тек Қазақстанның ғана емес, бүкіл түркі әлемінің рухани ордасы саналады. Соңғы жылдары өңір халықаралық туристік бағытқа айналып, Түркия, Қытай сияқты елдерден келетін саяхатшылардың саны арта түсті. Бұл жағдай облыстың туристік тартымдылығын арттыруда және түрлі ауқымды іс-шараларды ұйымдастыруда көрініс табуда. Түркістан облысының әкімдігі туристерді тарту және өңірдің туристік әлеуетін көрсету мақсатында жыл сайын 30-ға жуық оқиғалық іс-шара өткізеді. Оның ішінде «Түркістан – Түркі әлемінің туристік астанасы» туристік маусымының ашылу салтанаты, «EthnoFest» салт-дәстүр фестивалі, «Рухани мекенде неке қию», «Туризм додасы», «Tourist Time» бағдарламалары бар. Бұдан бөлек, «Turism Investment Forum» инвестициялық форумы тұрақты түрде өткізіліп келеді. Ал алғаш рет ұйымдастырылған «Turkistan Sky Auto Fest» жобасы аясында әуе шарларын ұшыру және автокөліктер көрмесі өткізілді. Сонымен қатар демеушілер есебінен «Turkistan Marathon» және «The Spirit of Turkestan» шаралары да тұрақты түрде өткізіледі.
Түркістан қаласының туристік әлеуетін халықаралық деңгейде насихаттау мақсатында түрлі медиа жобалар іске асырылды. BBC World телеарнасында жарнамалық бейнеролик эфирде 50 рет көрсетіліп, арнайы порталында баннер 300 мың рет жарияланды. Euronews телеарнасы Түркістан қаласына қатысты арнайы хабар таратты. Түркия Республикасымен әріптестік нығайып, «Albayrak Media Group» компаниясымен меморандумға қол қойылды. Сондай-ақ «TRT» Түрік радиосы мен теледидар корпорациясы Түркістан қаласының туристік нысандары бойынша бейнеролик әзірлеп, жариялады. Түркия Республикасының «Anadolu Ajansı» ақпарат агенттігі мен CNN халықаралық телеарнасы да қаланың туристік әлеуеті туралы арнайы материалдар шығарды.
Облыс әкімдігі туризмді дамытудың кешенді бағытын қолға алды. Соңғы жылдары облысқа келген туристер саны едәуір өсті. Мысалы, 2024 жылы Түркістан облысына 611,5 мың адам келіп, бұл 2023 жылмен салыстырғанда 10%-ға көп болды. Туризм саласына тартылған инвестициялар 442,6 млрд теңгеден асып, жаңа жұмыс орындары 18,1 мың адамды құрады. 2025 жылы туристік инфрақұрылымды дамыту мақсатында жалпы соммасы 49,4 млрд теңгені құрайтын 47 инвестициялық жоба жүзеге асырылмақ. Солардың ішінде «Kеруен-Сарай» көпфункционалды туристік кешені, «Rixos Turkistan» қонақ үйі, «Alma-tau» қонақ үй кешені сияқты жобалар бар.
Түркістан облысында туризмді әртүрлі бағыттар бойынша дамыту жоспарланып отыр. Этнокластерге тарихи, мәдени және ұлттық құндылықтарды дәріптейтін жобалар кіреді. Экокластер тау, шаңғы, ауыл туризмі, треккинг және экстрималды туризмді дамытуға бағытталған. Ал курорттық кластер емдік-сауықтыру орындары мен жағажай туризмін дамытуға арналған.
Осылайша, Түркістан облысы ұлттық және халықаралық деңгейде туризмді дамытуда жаңа кезеңге өтті. Туризмді дамытудың кешенді стратегиясы, ауқымды іс-шаралар, инвестициялар, балалар туризмі және цифрландыру жүйесі облыстың туристік тартымдылығын арттырып, Түркі әлемінің рухани және мәдени астанасы ретіндегі мәртебесін нығайтуда.
