«Таза Қазақстан» бағдарламасы аясында Арыс қаласында арнайы жеміс бағын құру жөнінде қала әкімі Қайсар Маңқараев тапсырма берген болатын. Осы мақсатта «Жасыл Арыс» КММ-і 5 гектар жерге 2 000 түп алма көшетін отырғызды. Көшеттер өңірде кеңінен сұранысқа ие «Салтанат», «Бес жұлдыз» және «Золотой превосход» сорттарынан таңдалған. Бұл сорттар мол өнімділігімен, ерекше дәмімен және 5-6 метрге дейін жететін биіктігімен ерекшеленеді.
Жасыларыстықтар жұмыстарды алдын ала тыңғылықты дайындықтан бастаған. Жер жыртылып, тегістеліп, арнайы техникамен стандартқа сай ұялар қазылды. Көшеттердің түптеріне қажетті тыңайтқыштардың толық құрамы енгізіліп, суғару үшін екі үлкен су қоймасы мен су ұңғымасы әзірленген.
– Қала басшысы жеміс бағын ұлғайту жөнінде нақты тапсырма берген еді. Осыған орай топырақ құрамын зерттеп, ең қолайлы үш сортты таңдадық. Алдағы уақытта тамшылатып суару жүйесін орнату жоспарымызда бар. Сәтін салса, арыстықтардың өз алма бағы қалыптасады, – дейді «Жасыл Арыс» КММ директоры Бақтияр Асилов.
Жаңа алма бағы Теміржолшы елді мекеніне баратын жолдың бойындағы 50 гектар арнайы аймақта орналасқан. Аумағы толық қоршалып, инженерлік дайындық жұмыстары толықтай аяқталған. Болжам бойынша, 2027–2028 жылдары ағаштар алғашқы өнімнің нышанын бермек.
Сонымен қатар, бау алдағы жылдары кеңейтіліп, 20 гектарға дейін ұлғайтылады деп жоспарланып отыр. Бұл шара жергілікті тұрғындардың сапалы және экологиялық таза жеміс алуына, сонымен қатар өңірдің агроөнеркәсіптік әлеуетін арттыруға бағытталған. Алма бағының жұмысын жергілікті мамандар тұрақты түрде бақылап, күтім жұмыстарын жүргізетін болады.
Ауыл шаруашылығы саласының мамандары баудың дамуына ерекше назар аударып, топырақ құрамын байыту, тыңайтқыш қолдану, зиянкестерден қорғау және өнімділікті арттыру бойынша ғылыми әдістерді енгізуді жоспарлап отыр. Жаңа алма бағы аймақтағы агротуризмді дамытуға да ықпал етеді деп күтілуде. Туристер мен жергілікті тұрғындар үшін бауда экскурсиялар ұйымдастырылып, алма теру дәстүрі мен табиғи өнімді өндіру процесі таныстырылатын болады.
Осы жобаның іске асуы Арыс қаласының жасыл экономикаға қосқан нақты үлесі ретінде бағаланып, тұрғындар мен жергілікті кәсіпкерлердің жеміс шаруашылығына деген қызығушылығын арттыруға сеп болады.
