Соңғы жаңалықтар

ТҮРКІСТАН: БІЛІМ ЖӘНЕ МЕДИЦИНА САЛАСЫНЫҢ КӘСІПКЕРЛЕР КЕҢЕСІ ӨТТІ

2025 жылғы 5 желтоқсанда Түркістан облысы кәсіпкерлер палатасында білім беру және медицинаны дамыту салалық кәсіпкерлер кеңесі өтті. Іс-шараның негізгі тақырыбы – 2026 жылғы 1 қаңтардан бастап күшіне енетін Жаңа Салық кодексіндегі өзгерістерді талқылау болды.

Кеңеске облыс бойынша білім беру және медициналық мекемелердің құрылтайшылары, салалық кәсіпкерлер, жергілікті атқарушы органдардың өкілдері қатысты. Сонымен қатар, шалғай аудандардағы білім және медицина мекемелерінің жетекшілері мен балабақша құрылтайшылары Zoom платформасы арқылы қосылып, жаңа салық нормаларын қашықтан талқылау мүмкіндігіне ие болды.

Іс-шара барысында Түркістан облысы бойынша Мемлекеттік кірістер департаментінің Мемлекеттік көрсетілетін қызметтер басқармасының басшысы Шырынбекова Сәуле Әбдәшімқызы, Өндірістік емес төлемдер басқармасының Арнаулы салықтарды әкімшілендіру бөлімінің басшысы Құлназаров Рустам Әлиханұлы жаңа салық кодексі, арнаулы салық режимдері және кәсіпкерлерге арналған жеңілдетілген тетіктер туралы жан-жақты түсіндірме берді.

Кәсіпкерлер жаңа кодекстегі өздері үшін күрделі саналатын мәселелердің атқарылу тәртібі, есептілік пен төлемдерге қатысты нақты сұрақтарына жауап алды. Сонымен қатар, кездесуде салықты уақытылы және дұрыс төлеудің жолдары, электрондық қызмет көрсету жүйесін тиімді пайдалану, қаржылық есептілікті автоматтандыру, мемлекеттік бағдарламалар мен жеңілдіктерді қолдану мәселелері кеңінен қаралды.

– Бүгінгі кеңес кәсіпкерлерге жаңа салық жүйесін түсінуге, есеп-қисап жұмыстарын жеңілдетуге және заң талаптарын дұрыс орындауға сеп береді. Осындай ашық диалог кәсіпкерлер мен мемлекеттік орган арасындағы сенімділікті арттырады, – деді іс-шара қатысушыларының бірі.

Кеңес барысында кәсіпкерлердің өзара тәжірибе алмасуы да маңызды рөл атқарды. Бірқатар құрылтайшылар жаңа нормаларды енгізуде кездесетін қиындықтар мен ұсыныстарын ортаға салып, нақты шешімдер мен жол карталарын талқылады. Бұл тәжірибе алмасу мемлекеттік органдарға да нақты деректерді жинап, жүйелі шешім қабылдауға мүмкіндік береді.

Кеңестің қорытындысында облыстық кәсіпкерлер палатасы алдағы уақытта да тұрақты түрде осындай кездесулер ұйымдастырып, білім беру мен медициналық сектордағы кәсіпкерлерді ақпараттандыру мен қолдауды жалғастыратынын жеткізді. Бұл бағыттағы жұмыстар кәсіпкерлердің заңдық сауаттылығын арттыруға, жаңа салық кодексін тиімді қолдануға және өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуына үлес қосуға мүмкіндік береді.

Қатысты жаңалықтар

ПРЕЗИДЕНТ ЖОЛДАУЫ – КӘСІПКЕ ҚОЛДАУ

Bastynews

НЕСИЕЛІК БАҒЫТТА ТҰРҒЫН ҮЙ САТЫП АЛУШЫЛАР САНЫ АРТУДА

Bastynews

Уважаемые жители и гости города Шымкент!

Bastynews