Соңғы жаңалықтар

ТҮРКІСТАН: ЖЕТІСАЙЛЫҚТАР ҒАСЫР КУӘГЕРЛЕРІН «ҚАРТТАР КҮНІ» МЕРЕКЕСІМЕН ҚҰТТЫҚТАДЫ

Қариясын құрметтеп, абызын ардақтай білген қасиетті Жетісай ауданында елдің берекесі саналатын ақсақалдарға құрмет көрсету дәстүрі жалғасуда. 1 қазан – Халықаралық қарттар күніне орай аудан әкімі Серік Мамытов жасы 100-ден асқан қарттарды мерекелерімен құттықтап, сый-сияпат жасады.

Ең алдымен аудан басшысы 1925 жылы туылған аудандағы көзі тірі жалғыз Ұлы Отан соғысының ардагері Папков Петр Кузьмичтің үйіне барып, құттықтау сөзін арнады. 1942 жылы әскерге алынған Петр Кузмич 73-гвардиялық армия құрамында қызмет етіп, 105 полкпен Киев, Бухарест, Венгрия қалаларын азат ету шайқастарына қатысты. Құрылыс батальонында жүргізуші, құрылысшы болып еңбек еткен майдангер 1950 жылы әскерден оралғаннан кейін ауыл шаруашылығы саласында адал еңбек етті. Ұлы Отан соғысының және Еңбек ардагері ретінде, сондай-ақ «Құрмет белгісі» ордендерімен марапатталған ол бүгінде аудан халқының мақтанышы болып отыр.

Сонан соң Серік Үсенұлы Жетісай қаласының тұрғыны, 102 жастағы Ойнобот Хангушеваның үйіне барып, әжейді айтулы мерекемен құттықтады. Әжейдің өмір жолы – ұрпаққа үлгі. Белі қатып, бұғанасы бекімей жатып тың игеруге қатысқан, екінші дүниежүзілік соғыста майдангерлерге қолынан келгенше көмек көрсеткен ол соғыстан кейінгі жылдары ауылдарды қалпына келтіруге белсене ат салысқан. Қолына кетпен алып, шабық шауып, масақ теріп, диірменде ұн өткізіп, мал баққан. Адал еңбегі мен ерен қажыр-қайраты үшін елдің құрметіне бөленген әжейдің тағылымы жастарға үлгі болып отыр.

Мерекеге орай аудан әкімдігі қарияларға арнайы сыйлықтар мен гүл шоқтарын табыстап, олардың денсаулығы мен ұзақ өмір сүруін тіледі. Сонымен қатар аудандық мәдениет және жастар бөлімі ұйымдастырған шағын мерекелік концерт өтті. Оған жергілікті мектеп оқушылары, колледж студенттері мен мәдениет саласының өкілдері қатысты. Олар арнайы дайындалған ән-жырлар, көріністер, поэзиялық мәнерлер арқылы қарияларға құрмет көрсетіп, олардың өмірлік тәжірибесін дәріптеді.

Аудандық дәрігерлік қызмет те қарттарға медициналық кеңестер беріп, денсаулықтарына назар аударуға мүмкіндік жасады. Қарттар күніне орай әлеуметтік қызметкерлер азық-түлік себеттерін жеткізіп, тұрмыстық қолдауды қамтамасыз етті.

Бұл дәстүрлі шара – Жетісай қоғамында қарияға деген құрмет пен сүйіспеншілікті көрсетуге арналған маңызды іс-шара. Әр қарттың өмір жолы мен тәжірибесі кейінгі ұрпаққа өнеге болып, елдің бірлігі мен берекесін сақтауға үлес қосады. Аудан халқы «Қарттар күні» мерекесін жыл сайын ерекше атап өтіп, ғасырға жуық ғұмыр кешкен қарттардың еңбегі мен даналығын насихаттап келеді. Сонымен қатар, аталмыш шара жастар мен қарияларды біріктіріп, дәстүрлі құндылықтарды дәріптеу мен отбасы мен қоғамдағы жауапкершілікті нығайтуға бағытталған.

Ел мен елдің ертеңгі күнінің негізін қалаған абыз аталар мен әжелердің еңбегі мен даналығы жастарға сабақ болып, олардың бойына адамгершілік, төзімділік, еңбекқорлық және елге адалдық сияқты қасиеттерді сіңіруге ықпал етеді. Бұл іс-шара – тек мереке емес, сонымен бірге әлеуметтік жауапкершілікті арттыру, жас ұрпаққа патриотизм мен ұлттық дәстүрлерді насихаттау алаңы болып табылады.

Қатысты жаңалықтар

Шымкент: Полицейлер топтық төбелестің алдын алды

Bastynews

БӘЙДІБЕКТІК КӘСІПКЕР 40 БАЛАҒА МЕКТЕПКЕ ҚАЖЕТТІ ОҚУ ҚҰРАЛДАРЫН СЫЙЛАДЫ

Bastynews

КӨЛІК САЛЫҒЫН ТӨЛЕМЕГЕНДЕР ТЕКСЕРІЛДІ

Bastynews