Түркістан облысына жұмыс сапарымен Қазақстан Республикасы Сауда және интеграция вице-министрі Айдар Әбілдабеков келді. Іссапар барысында вице-министр облыстық әкімдік өкілдерімен бірге өнеркәсіп орындарының жұмысымен танысып, кәсіпорын иелерімен тілдесті. Сонымен қатар өңірдің инвестициялық климатын жетілдіру жолдарын талқылап, бизнес өкілдерінің ұсыныстары тыңдалды.
Ең алдымен вице-министр «Turan» арнайы экономикалық аймақ пен индустриалды аймақта орналасқан бірқатар кәсіпорындардың жұмысымен танысты. Атап айтқанда, текстиль кластерін іске асырып жатқан «Kazakhstan Lihua» ЖШС-нің өндірісімен танысты. Жоба Мемлекет басшысының ауыл шаруашылығы саласын дамыту және озық агротехнологияларды енгізу бойынша қойған тапсырмаларын жүзеге асыруды көздейді. Жобаның мақсаты – алқапта мақта өсіруден бастап дайын киім өндіруге дейін өндірістің толық циклін қалыптастыру. Нәтижесінде Отырар ауданы мен Арыс қаласында 60 мың гектар суармалы жер алаңында Орталық Азиядағы ірі мақта өсіру кешенін құру жоспарлануда. Бұл жоба 1,4 мыңнан астам тұрақты және 300-ден астам уақытша жұмыс орнын ашуға мүмкіндік береді.
Сонымен қатар вице-министр «ER-QAN GROUP» ЖШС полиэтилен пакеттерін өндіру өндірісімен танысты. Жоба орамдағы полиэтилен пакеттері мен желім (пластик) ыдыстарын шығарумен айналысып, өңірдегі өндірістік әлеуетті арттыруға бағытталған.
Сапар барысында Сауран ауданындағы өндірістік аймаққа барып, онда іске асырылып жатқан өнеркәсіптік тоңазытқыштар шығаратын «UBC Group» ЖШС және пластмас өнімдерін шығаратын «Сауран Пласт» ЖШС қызметтерімен танысып, кәсіпорын басшыларымен пікір алмасты. Сонымен қатар Түркістан қаласындағы «Turan Mall» көпсалалы сауда орталығында болып, ғимарат инфрақұрылымымен танысты.
Екі күндік жұмыс сапарының қорытындысында облыс орталығында Түркістан облысының ірі импорттаушылар және сауда саласында қызмет атқаратын бизнес өкілдерімен арнайы кездесу өтті. «Ұлы дала елі» орталығында өткен кездесуге жалпы 100-ден астам кәсіпкерлер қатысып, саладағы өзекті мәселелер талқыланды, тікелей сұрақтар қойылды және шешім қабылдау жолдары қарастырылды.
Вице-министр Айдар Әбілдабеков сапар барысында Түркістан облысындағы кәсіпкерлік пен өнеркәсіп саласының даму әлеуетін жоғары бағалап, өңірдегі бизнес пен инвестициялық климатты одан әрі жетілдіру үшін нақты ұсыныстар мен тапсырмалар берді. Сонымен қатар, өңір кәсіпкерлеріне мемлекеттік қолдаудың барлық құралдары, соның ішінде жеңілдетілген несие, субсидия және инфрақұрылымдық жеңілдіктер бойынша ақпарат ұсынылды.
