Түркістан облысында медициналық мекемелерде цифрландыру жүйесін енгізу науқастарға көрсетілетін қызметтің сапасын арттыруға және емдеу процесін жеңілдетуге мүмкіндік беруде.
Атап айтқанда, облыстық клиникалық аурухана зертханасы жаңа технологиялармен жабдықталып, ақпараттық жүйеге толық көшірілді. Бұған дейін зертхана нәтижелері қолмен жазылып, компьютерге енгізілсе, қазір барлық деректер штрихкод арқылы арнайы ақпараттық қорға тіркеледі. Емдеуші дәрігерлер бұл мәліметтерді «Дамумед» бағдарламасы арқылы жылдам көріп, науқасқа уақытылы медициналық көмек көрсете алады. Сонымен қатар ауруханада жаңадан ашылған госпитальды фармация бөлімшесі науқастарға тағайындалған дәрі-дәрмектерді цифрлық технология арқылы тіркеп, оларды тез арада дайындап береді.
Түркістан облыстық клиникалық аурухана басшысының орынбасары Ерік Сопбеков:
– Бұл жүйелер дәрігерлер үшін өте қолжетімді әрі уақыт үнемдеуге мүмкіндік береді. Алғашында пилоттық негізде бірнеше бөлімше ғана іске қосылды. Қазіргі таңда бес бөлімше толыққанды жүйемен жұмыс жасап жатыр. Алдағы уақытта ауруханадағы барлық бөлімшелер осы цифрлық жүйеге қосылады, – деді.
Сондай-ақ, бүгін өңірдегі медициналық мекемелерге заманауи үлгідегі 60 жедел жәрдем көлігі берілді. Жаңа автокөліктер жедел медициналық жәрдем қызметінің сапасын арттыруға бағытталған. Оларда ересектерге де, 1 жастан асқан балаларға да реанимациялық көмек көрсетуге мүмкіндік бар. Автокөліктер портативті өкпені жасанды желдету аппаратымен, жүрек-өкпе реанимациясына арналған жиынтықпен, электрокардиографпен, заманауи дәрі-дәрмек жинақтарымен жабдықталған.
Облыстық денсаулық сақтау басқармасы мәліметінше, цифрлық жүйені енгізу науқастарға медициналық қызмет көрсетуді тездетіп қана қоймай, дәрігерлердің жұмысына да жеңілдік береді. Сонымен қатар, электрондық жүйе арқылы науқастардың медициналық тарихы, диагноздары мен емдеу жоспары дер кезінде бақыланып, сапалы медициналық қызмет көрсетуге мүмкіндік туады.
– Біз барлық аудандық және қалалық ауруханаларды кезең-кезеңімен цифрлық жүйеге толық көшіруді жоспарлап отырмыз. Бұл – өңірдің медициналық қызмет көрсету сапасын көтерудің және заманауи технологияларды тиімді пайдаланудың басты қадамы, – деді облыстық денсаулық сақтау басқармасы басшысының орынбасары Айжан Құдайбергенова.
Осы шаралар Түркістан облысында денсаулық сақтау саласын жаңғырту, медициналық қызмет көрсету сапасын арттыру және науқастарға заманауи, тиімді көмек көрсету бағытындағы маңызды қадам болып отыр.
