Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқына Жолдауында өңдеу саласына көбірек қаражат тарту қажеттігін атап өтті. «Инвестиция тарту – орталық атқарушы органдардың ғана міндеті емес. Осы маңызды жұмысқа жергілікті билік те атсалысып, бәрі жұмыла жұмыс істеуге тиіс», деді Президент. Сондай-ақ Жолдауда экономиканы әртараптандыруды тың қарқынмен жалғастыру, ішкі және сыртқы нарықта бәсекеге қабілетті, терең өңделген өнім шығаруға басымдық беру қажеттігі айтылды. Осы орайда Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеровпен Жолдау жүктеген міндеттерді жүзеге асыру мақсатында қолға алынған, атқарылып жатқан және жоспарланған жұмыстар төңірегінде әңгіме өрбіткен едік.
Республикалық бюджетке тәуелділік 25 пайызға дейін төмендейді
– Соңғы жылдары Түркістан облысының экономикалық дамуы қарқынды, жақсы жетістіктерге қол жеткізіп келеді. Алдағы уақытқа қойылған мақсат-міндеттер де ауқымды, осы жөнінде кеңірек тоқталып өтсеңіз?
– Иә, расында да, облыстың экономикалық әлеуеті соңғы жылдары едәуір артты. Бұл – Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмаларына сәйкес өңірлік экономиканы әртараптандыру, инвестиция тарту, кәсіпкерлікті қолдау және инфрақұрылымды жаңғырту бағытында атқарылған жүйелі жұмыстың нақты нәтижесі.
Алдымызға қойған мақсат-міндеттерді жүзеге асыру бағытында өзіндік кірістерді көбейту үшін өндірісті дамытып, экономикаға инвестиция тартуымыз қажет. Өңір экономикасының дамуына жаңа серпін беретін 111 инвестициялық жоба пулын қалыптастырдық. Негізгі басымдық ретінде ауыл шаруашылығы өнімдерін терең өңдеу, энергетика және туризм салаларын айқындадық. Осы жобаларды іске асыру есебінен алдағы 10 жылда өзіндік кірістерді 1,1 трлн теңгеге жеткізуді жоспарлап отырмыз. Нәтижесінде, республикалық бюджетке тәуелділікті 80 пайыздан 25 пайызға дейін төмендетеміз. Яғни алдағы жылдары облысты әлеуметтік инфрақұрылымы қалыптасқан, экономикалық дамуы тұрақты және өзін қамтамасыз ететін бәсекелестігі жоғары өңірге айналдыруға күш саламыз. Оған барлық мүмкіндік бар.
Президент 2025 жылы жалпы экономиканың 7% өсімін қамтамасыз етуді тапсырған болатын. Осы межеге жету жолында Түркістан облысы айтарлықтай ілгері қадам жасап келеді. Өткен жылы облыстың жалпы өңірлік өнім көлемі 4,7 трлн теңгеге жетіп, өсім 110% деңгейінде болды. Биылғы жылы даму қарқыны сақталды. Қысқа мерзімінде экономикалық өсім 115,8%-ды құрады. Бұл – республикадағы ең жоғары көрсеткіштің бірі.
Барлық негізгі макроэкономикалық көрсеткіштерде тұрақты өсім қалыптасты. Негізгі өсім өнеркәсіп, құрылыс, сауда және көлік-логистика салалары есебінен болып отыр. Индикатор, яғни көрсеткіштер межесіне қол жеткізу, оның орындалуын бақылау мақсатында арнайы рейтингтік бағалау жүйесін енгіздік. Рейтингтік бағалауға 9 негізгі бағыт бойынша 89 индикатор енгізілді. Арнайы есептеу әдістемесі әзірленді. Барлық индикатор аудан, қала және салалық басқармалар кесіндісінде бөлініп жасалды. Яғни аудан, қала әкімдері мен басқарма басшыларынан бастап маманға дейін индикатор жоспарынан жақсы хабардар. Тоқсан сайын бағалау жүргізіледі.
– Түркістан облысы инвестиция тарту қарқыны бойынша елімізде алдыңғы қатарда. Өңірге тартылатын инвестицияның нақты көлемі қандай? Бұл қаражаттың негізгі бөлігі қай салаларға бағытталады?
– Иә, тартылған инвестиция көлемі бойынша республикада алғашқы бестіктеміз. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев биылғы халыққа арналған Жолдауында инвестиция саласына басымдық беріп, шикізат секторынан өңдеу саласына көбірек қаржы тарту керектігін атап өтті. Бұл бағытта өңірімізде ауқымды жұмыс атқарылып жатыр. Жалпы, 8 айда облыс экономикасына 783 млрд теңге инвестиция бағытталып, өткен жылдың тиісті кезеңімен салыстырғанда 125 пайызға өсті. Қаржының басым бөлігі 59,3%-ы, яғни 464,4 млрд теңге жеке инвестицияға тиесілі.
Облыс экономикасының дамуына серпін беретін, құны 2,6 трлн теңгені құрайтын инвестициялық жобаларды толық іске асыру нәтижесінде 24 мыңға жуық жаңа жұмыс орны ашылып, бюджетке қосымша 100 млрд теңге салық түседі деп көзделіп отыр. Оның ішінде, осы жылы құны 331 млрд теңгені құрайтын 57 инвестициялық жобаны іске асырып, 8 174 жұмыс орнын ашу жоспарланған. Биылғы 8 айда 33 жоба іске қосылып, 4 793 жұмыс орны ашылды.
