Соңғы жаңалықтар

ТҮРКІСТАНДА «ҰЛЫ ЖЕҢІСКЕ – 80 ЖЫЛ» АТТЫ ТАРИХИ КӨРМЕ АШЫЛДЫ

Түркістан қаласындағы Түркістан тарихы музейінде Ұлы Отан соғысындағы Жеңістің 80 жылдығына орай «Ұлы Жеңіске – 80 жыл» атты тарихи-танымдық көрменің ашылу салтанаты өтті. Тағылымды шара «Әзірет Сұлтан» Ұлттық тарихи-мәдени музей-қорығы, Кентау қалалық музейі, №14 Әл-Фараби атындағы мектеп-гимназиясы және С.Ерубаев атындағы әдеби-мәдени музейдің бірлескен жобасы аясында ұйымдастырылды.

Көрменің ашылу рәсімінде «Әзірет Сұлтан» Ұлттық тарихи-мәдени музей-қорығы директорының ғылыми жұмыстар жөніндегі орынбасары Мұрат Тастанбеков сөз сөйлеп, Ұлы Жеңістің тарихи маңызына тоқталды. Ол соғыс жылдарындағы ерлік пен тылдағы қажырлы еңбекті жас ұрпақ санасына сіңіру – бүгінгі ұрпақтың қасиетті міндеті екенін атап өтті.

Сондай-ақ С.Ерубаев атындағы әдеби-мәдени музей директоры Айгүл Исабекова көрме экспозициясының мазмұнымен таныстырып, ұсынылған жәдігерлердің әрқайсысы майдангерлердің тағдыры мен тыл өмірінің шынайы көрінісін бейнелейтінін жеткізді. Ал Кентау қалалық музейінің қор сақтаушысы Зилола Нарзуллаева соғыс жылдарындағы тұрмыстық бұйымдар, сарбаздардың жеке заттары, майдан хаттары мен сирек фотосуреттер туралы тарихи деректермен бөлісті.

Көрме аясында Түркістан қалалық балалар мен жасөспірімдер орталығының өнерпаз бүлдіршіндері патриоттық әндер мен әдеби-музыкалық композициялар орындап, іс-шараға ерекше рухани әсер сыйлады. Сонымен қатар экскурсиялық қызмет бөлімінің экскурсоводы Айнашұр Әлиева көрме қонақтарына арнайы экскурсия жүргізіп, экспонаттардың тарихы мен мән-маңызы жөнінде кеңінен әңгімеледі.

Экспозицияда Ұлы Отан соғысына қатысқан жауынгерлердің жеке құжаттары, әскери киім үлгілері, орден-медальдар, соғыс жылдарындағы баспасөз материалдары, тыл еңбеккерлерінің еңбегін айқындайтын жәдігерлер және білім беру ұйымдары ұсынған архивтік материалдар қойылған. Бұл жәдігерлер сол бір сұрапыл жылдардың ауыртпалығын, халықтың бірлігі мен жеңіске деген сенімін айқын көрсетеді.

Айта кетейік, Ұлы Отан соғысына Қазақстаннан 1 миллион 200 мыңнан астам адам аттанып, олардың 600 мыңнан астамы майдан даласында қаза тапқан. Ал Түркістан өңірінен 18 547 азамат соғысқа қатысып, Отан қорғау жолында жанқиярлықпен ерлік көрсетті. Көрме – сол батырлардың рухына тағзым етіп, олардың ерлігін ұрпақ жадында жаңғыртуға арналған тағылымды бастама.

Аталған көрме Жеңістің 80 жылдығы аясында ұйымдастырылып отырған патриоттық іс-шаралар легінің бір бөлігі болып табылады және келушілерге ашық түрде жұмысын жалғастырады.

Қатысты жаңалықтар

ТҮРКІСТАН: ЖЕТІСАЙДА ТӨТЕНШЕ ЖАҒДАЙЛАРДЫҢ АЛДЫН АЛУ БОЙЫНША ОҚУ-ЖАТТЫҒУ ӨТТІ

bastynews

БАСТЫ МАҚСАТ – ПАРАСАТТЫЛЫҚ ҚҰНДЫЛЫҚТАРЫН ДӘРІПТЕУ

Bastynews

ӘМІРЕ, ИСА ҮШЕУІ ЖАН АЯМАС ДОС БОЛЫПТЫ…

Bastynews