Түркістан қаласында балаларға арналған қалалық оңалту орталығының ресми ашылу салтанаты өтті. Жаңа нысанның ашылуына Қазақстан Республикасының Премьер-министрінің орынбасары Қанат Бозымбаев, Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеров, облыстық және қалалық басқармалардың жетекшілері, меценаттар, сондай-ақ қала тұрғындары қатысып, іс-шара жоғары деңгейде ұйымдастырылды.
Салтанатты ашу барысында сөз алған Қанат Бозымбаев орталықтың құрылуы балалардың денсаулығын жақсарту, өмір сапасын арттыру және олардың әлеуметтік бейімделуіне үлес қосатынын атап өтті. Ол сондай-ақ осындай әлеуметтік маңызы зор жобалардың жүзеге асуы – мемлекет, бизнес және қоғамның бірлескен күш-жігерінің нәтижесі екенін айтты.
Облыс әкімі Нұралхан Көшеров жаңа орталықтың құрылуы өңірдегі балаларға көрсетілетін медициналық, психологиялық және әлеуметтік қолдау деңгейін көтеретінін, әсіресе мүгедектігі бар және арнайы күтімді қажет ететін балалардың өмір сүру сапасын айтарлықтай жақсартатынын атап өтті. Сондай-ақ ол орталық қызметкерлеріне сәттілік тілеп, тұрғындар мен ата-аналардың сенімін ақтау қажеттігін айтты.
Жаңа орталық заманауи құрал-жабдықтармен, кәсіби мамандармен қамтамасыз етілген. Мұнда балаларға физикалық, психологиялық және әлеуметтік оңалту бағдарламалары жүргізіледі. Сонымен қатар, орталықта логопедиялық, дефектологиялық, психологиялық, массаж және арнайы терапия бөлмелері қарастырылған. Бұл қызметтер балалардың дамуын кешенді түрде қолдауға мүмкіндік береді.
Ашылу салтанаты барысында қатысушылар орталықтың жабдықтары мен қызмет көрсету бағыттарымен танысып, балалардың оңалту процесіне арналған арнайы бөлмелерді аралады. Сонымен қатар, шарада балалар мен ата-аналар үшін шағын концерт ұйымдастырылып, көңілді бағдарлама көрсетілді.
Орталықтың ашылуы Түркістан қаласының әлеуметтік инфрақұрылымын жетілдіруге, мүгедектігі бар және арнайы күтімді қажет ететін балаларға қолдау көрсетуге бағытталған маңызды қадам болып табылады. Мұндай жобалар балалардың толыққанды өмір сүруіне, олардың қабілеттерін дамытуға және қоғамға бейімделуіне зор үлес қосады.
Қала мен облыс әкімдігі орталықтың қызметін тұрақты түрде қолдап, мамандардың кәсіби біліктілігін арттыруға, заманауи технологиялар енгізуге және балаларға көрсетілетін қызмет сапасын үнемі бақылауда ұстауды жалғастыратын болады.
