Түркістан қаласында орталықтандырылған сарқынды су жүйесіне қосу бағытындағы инфрақұрылымдық жобалар қарқынды жүзеге асырылып келеді. Қаладағы инженерлік желілерді жаңғырту және тұрғындардың өмір сапасын арттыру мақсатында биыл жалпы 13 нысанда құрылыс жұмыстары басталды. Оның ішінде 8 жоба абоненттік және магистральдық желілерге қосылса, қалған 5 жоба магистральдық желілерді тартуға бағытталған.
Сауран, Шауғар, Яссы секторлары, сондай-ақ Отырар және Бекзат тұрғын алаптары мен Баянауыл мөлтек ауданында кәріз жүйесін орнату жұмыстары жүргізілуде. Атап айтқанда, Сарыбаев, Ынтымақ, Ы. Дүйсебаев, М. Төлебаев, Н. Оңдасын, Асанов, Мәдениет, Ойсыл Қара, Б. Ахметов, М. Ғабдуллин, Қарағайлы және Қалғансыр көшелері қамтылып отыр.
Қала әкімі Әзімбек Пазылбекұлының тапсырмасына сәйкес, сарқынды су желісі жүргізілген көшелерде ауа райының әсерінен туындауы мүмкін қолайсыздықтардың алдын алу мақсатында уақытша қайта қалпына келтіру жұмыстары жүргізілуде. Атап айтқанда, көшелерге тас төсеу, рельефті тегістеу, арықтарды тазалау және жол қозғалысына кедергі келтіретін элементтерді уақытша реттеу шаралары қамтылған.
Қазба жұмыстарының жүргізілуіне байланысты кей көшелерде уақытша жол қозғалысы шектеліп, қолайсыздықтар туындауы мүмкін. Осыған байланысты қала тұрғындарынан түсіністікпен қарап, сабырлық танытуды сұраймыз. Жұмыстардың сапалы және жылдам жүргізілуі үшін барлық тиісті бөлімдер қызметкерлерімен жұмылдырылып, материалдық-техникалық база толық қамтамасыз етілген.
Уақытша қайта қалпына келтіру жұмыстары алдағы төрт күн ішінде аяқталып, кейін барлық инфрақұрылым толық қалпына келтіріліп, асфальт төселетін болады. Жобаның жүзеге асырылуы нәтижесінде қала көшелерінде сапалы жол жүру жағдайы қалыптасып қана қоймай, тұрғындарға сапалы және қауіпсіз коммуналдық қызмет көрсету қамтамасыз етіледі.
Бұл жоба Түркістан қаласының инженерлік инфрақұрылымын жетілдіріп қана қоймай, қаланың санитарлық тазалығын арттырып, тұрғындардың тұрмыс сапасын көтеруге және болашақта қала аумағындағы коммуналдық жүйелердің тұрақты әрі тиімді жұмыс істеуіне маңызды үлес қосады.
Қала әкімдігі тұрғындарды қала көшелерінде жүргізіліп жатқан жұмыстарға қатысты ақпараттандыруды жалғастыра отырып, уақытша қолайсыздықтарға түсіністікпен қарауды және қауіпсіздік шараларын сақтауды сұрайды.
