Бүгін Түркістан облысы әкімдігі және Түркістан облыстық мәдениет басқармасының ұйымдастыруымен «Руханият – Әбу Нәсір әл-Фараби музейі» МКҚК алаңында ұлы ойшыл Әбу Нәсір әл-Фарабидің 1155 жылдығына арналған «Әбу Нәсір әл-Фараби және Ұлы дала өркениеті» атты облыстық ғылыми-теориялық конференция өткізілді.
Конференцияның негізгі мақсаты – әлемдік мәдениет пен философия тарихында өзіндік орны бар Әбу Нәсір әл-Фарабидің рухани мұрасын жас ұрпаққа насихаттау, оның еңбектерін ғылыми тұрғыда зерттеуге серпін беру, сонымен қатар Ұлы дала өркениетінің тарихи, мәдени және философиялық маңызын кеңінен таныстыру. Іс-шара барысында ойшылдың адамзат өркениетіне қосқан үлесі, әлеуметтік-ғылыми көзқарастары, мемлекетті басқару мен азаматтық қоғам идеялары талқыланды.
Шараға фарабитанушы ғалымдар, тарих, филология, шығыстану, мәдениеттану және туризм салаларының мамандары, музей қызметкерлері, ғылыми-зерттеу институттары мен орталықтардың өкілдері қатысты. Қатысушылар Әбу Нәсір әл-Фарабидің философиялық еңбектерін қазіргі заманға үйлестіру, қоғамдағы адамгершілік, білім мен ғылымның рөлін арттыру бағытында пікір алмасып, тәжірибе бөлісті.
Конференция аясында «Отырар» мемлекеттік археологиялық музей-қорығы атынан ғылыми қызметкер Ерқожа Сейтжаппарұлы Абдуахитов «Әл-Фарабидің адамзат өркениетіндегі ағартушылық рөлі» тақырыбында баяндама жасады. Ол ойшылдың «мемлекет және адам», «азаматтық қоғам идеясы», «қайырымды қала» туралы көзқарастарын терең талдап, олардың қазіргі заманғы философия мен әлеуметтік-әділет жүйесіндегі рөлін нақты мысалдармен көрсетті. Ғалым баяндамасында әл-Фарабидің идеяларының қазіргі қоғамда білім беру, басқару және әлеуметтік әділет қағидаларын қалыптастыруда маңызы ерекше екені айтылды.
Сонымен қатар, конференция барысында әл-Фарабидің мұрасын насихаттау жолындағы инновациялық жобалар, музей экспозициялары, зерттеу орталықтарының ғылыми жаңалықтары және жастарға арналған білім беру бағдарламалары талқыланды. Қатысушылар ойшылдың шығармаларын қазіргі қоғамға бейімдеу, философиялық мұраларды цифрлық форматта кеңінен тарату мәселелерін көтерді.
Шара соңында қатысушыларға арнайы сертификаттар табыс етіліп, ұйымдастырушылар алғыс білдірді. Конференция қатысушылары Әбу Нәсір әл-Фарабидің шығармашылық мұрасын зерттеудің маңыздылығын атап, философия мен мәдениет саласындағы ғылыми зерттеулерді әрі қарай дамытуға өз ұсыныстарын жеткізді.
Бұл конференция Түркістан облысында рухани мәдениетті дамыту, ұлы ойшылдардың мұрасын насихаттау және жас ғалымдарды ғылыми ізденістерге баулу бағытында маңызды қадам ретінде бағаланды. Іс-шара нәтижесінде қатысушылар философия, тарих және мәдениет салаларында бірқатар жаңа ғылыми жобаларды жүзеге асыруға ниет білдірді, сондай-ақ облыстағы ғылыми орта мен білім беру мекемелері арасында ынтымақтастықты нығайтуға ерекше мән берілді.
