Қоғам Мәдениет

ТҮРКІСТАНДА ҚЫСҚЫ ТЕХНИКАЛАРДЫҢ ЖАЙ-КҮЙІ ТЕКСЕРІЛДІ

Түркістан қаласының әкімі Әзімбек Пазылбекұлы қысқы кезеңге даярлық аясында коммуналдық ұйымдардың жұмыс базаларын аралап, техникалардың жарақтандырылуы мен қолжетімділігін тексерді. Ол қысқы маусымда қалалық инфрақұрылымның үздіксіз қызмет етуін қамтамасыз ету, көлік қозғалысын қауіпсіздендіру және тұрғындарға қолайлы жағдай жасау шараларын ерекше бақылауға алды.

Шаһар басшысы қала аумағында қар тазалау, көктайғақтың алдын алу және жедел әрекет ету шараларының нақты жоспарын пысықтап, жауапты мекемелердің дайындық деңгейін күшейтуді тапсырды. Қала жолдарының жалпы ұзындығы 845 шақырымды құрайды, оның ішінде 125,61 шақырымы бірінші кезекте қардан тазаланатын және инертті материалдар себілетін орталық учаскелерге кіреді. Биыл асфальт жолдардың көлемі 66,7 пайызға дейін артты, бұл қар тазалау және көктайғаққа қарсы жұмыстарды жүргізуді жеңілдетеді.

Қысқы маусымға дайындық мақсатында «Түркістан Жарық Тазалық» ЖШС, «Жасыл ел» ЖШС, «Түркістан Су» МКК және «SK Geokard» ЖШС мекемелері 12 КДМ және 18 тракторды іске даяр күйде ұсынған. Сонымен қатар инфрақұрылым, құрылыс және жол бөлімдері, «Жасыл Түркістан» КММ және «Жол қызметі» мекемелері тарапынан 10 жүк тиегіш пен 22 КамАЗ техникасы дайын тұр.

Қар тазалау және көктайғақтың алдын алу жұмыстарына жалпы 52 арнайы техника мен 550 жұмысшы жұмылдырылатын болады. Қажетті материалдар қоры да жеткілікті: инертті материалдардың 310 тонна құмы және 500 тонна тұзы сақадай сай. Жұмыстар магистральды көшелерді тазалау үшін үш бағыт бойынша ұйымдастырылады. Сонымен қатар 31 қосымша көше, 5 саябақ, әкімшілік-іскерлік орталық аумағы, Рухани-мәдени орталық және Б.Саттарханов даңғылы бойындағы желілік саябақтар белгіленген кезекпен тазартылады.

Шаһар әкімінің тапсырмасына сәйкес, қысқы техникалардың барлық қызметкерлері мен жүргізушілері арнайы дайындығын толық өтті. Жұмыс кестелері мен кезекшілік тізімдері бекітіліп, төтенше жағдайларға жедел әрекет ету жоспары әзірленді. Сонымен қатар, тұрғындар мен көлік жүргізушілеріне арналған ақпараттық хабарламалар мен ескертулер жүйесі жолға қойылып, қар және мұзбен байланысты қауіптер туралы алдын ала хабарлау механизмі іске қосылды.

Қысқы кезеңге дайындық жұмыстарын қадағалау барысында әкім Әзімбек Пазылбекұлы коммуналдық қызметтердің сапалы жұмысын қамтамасыз ету, техникалардың техникалық жағдайын тексеру, жолдар мен қоғамдық аумақтарды қауіпсіз ету, сондай-ақ қала тұрғындарының қауіпсіздігін сақтау бойынша нақты тапсырмалар берді. Осы шаралар Түркістан қаласында қысқы маусымда қар тазалау жұмыстарының тиімді ұйымдастырылуына, көлік қозғалысының қауіпсіздігі мен тұрғындардың жайлылығына ықпал ететін болады.

Қатысты жаңалықтар

ИННОВАЦИЯЛЫҚ ПЕДАГОГИКА ЖӘНЕ ҚҰНДЫЛЫҚҚА НЕГІЗДЕЛГЕН БІЛІМ: №65 МЕКТЕП-ГИМНАЗИЯСЫ 2025–2026 ОҚУ ЖЫЛЫН БАСТАДЫ

bastynews

ТҮРКІСТАН: ҚОҒАМДЫҚ-САЯСИ АХУАЛҒА ҚАТЫСТЫ МӘСЕЛЕЛЕР ТАЛҚЫЛАНДЫ

bastynews

ШЫМКЕНТТЕ ГРЕК МӘДЕНИЕТІ ФЕСТИВАЛІ ӨТТІ

bastynews