Түркістан облысының прокуроры Мұрат Тлеубердиевтің төрағалығымен «Заң және Тәртіп» қоғамдық қауіпсіздікті күшейту және өзара іс-қимылдың басымдықтарын талқылау бойынша Үйлестіру кеңесі өтті. Жиынға облыстың құқық қорғау және мемлекеттік органдар, мемлекеттік емес ұйымдардың басшылары, БАҚ өкілдері, сондай-ақ өңірдегі жетекші оқу орындарының ректорлары мен әкімшілік құрылымдардың жетекшілері қатысты.
Облыс прокуроры өз сөзінде азаматтардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету, қоғамдық тәртіпті сақтау және өмір сүру сапасын арттыру – басты басымдықтардың бірі екенін атап өтті. Сонымен қатар, заманауи қауіп-қатерлерге, соның ішінде кибершабуылдарға, алаяқтық әрекеттерге және интернет кеңістігіндегі құқық бұзушылықтарға дер кезінде ден қою қажеттігін ескертті.
Кеңес барысында IT-технологияларды қолдану арқылы құқық бұзушылықтарды жедел анықтау және алдын алу жобаларын енгізудің маңыздылығы атап өтілді. Бұл бағытта Түркістан облысында прокуратура бастамасымен жүзеге асырылып жатқан бірқатар жобалар таныстырылды. Атап айтқанда, «Бұзушылыққа тоқтам», «Алаяқтан сақ бол», «Бақытты және қауіпсіз балалық шақ» жобалары тұрғындар мен балаларды құқық бұзушылықтан қорғау, алаяқтық әрекеттерді азайтуға бағытталған. Сонымен қатар, Құқықтық статистика және арнайы есепке алу комитетінің цифрлық жүйелері – «Прокурорлық фильтр», «Қылмыстар картасы», «Қамқор» – құқық бұзушылық деректерін жинақтап, өңірдегі құқық қорғау қызметінің тиімділігін арттыруға мүмкіндік береді. Жүйелердің жұмысы бойынша нақты мәліметтер мен құқық бұзушылықтардың статистикасы ұсынылып, анықталған проблемалық мәселелер талқыланды.
Кеңес барысында мемлекеттік және құқық қорғау органдары арасындағы өзара іс-қимылдың маңыздылығы да атап өтілді. Қатысушылар цифрлық технологияларды енгізу арқылы құқық қорғау саласында шешім қабылдаудың жылдамдығын арттыру, деректерді нақты уақыт режимінде талдау, қоғамның қауіпсіздігін қамтамасыз ету механизмдерін жетілдіру бойынша нақты ұсыныстарын ортаға салды. Сонымен қатар, киберқауіпсіздікті күшейту, азаматтық қоғам институттарын тарту, жергілікті тұрғындардың құқықтық сауатын арттыру бағытындағы бірлескен іс-шараларды жүзеге асыру жоспарлары қаралды.
Кеңес қорытындысында мемлекеттік және құқық қорғау органдарының өзара координациясын күшейту, жұмыс барысында озық технологияларды қолдана отырып цифрлық шешімдерді жетілдіру, құқық бұзушылықтардың алдын алу бойынша іс-шараларды жүйелі түрде жүргізу туралы нақты шешім қабылданды. Бұл шаралар Түркістан облысында қоғамдық тәртіп пен қауіпсіздікті арттыруға, азаматтардың құқықтары мен заңды мүдделерін қорғауға бағытталған кешенді және тиімді механизмдердің қалыптасуына ықпал етеді.
