Түркістанда кәсіпкерлер мен кәсіп бастауға ниетті азаматтарға арналған Ашық есік күні ұйымдастырылды. Іс-шараның негізгі мақсаты – кәсіпкерлерге жан-жақты кеңес беру, мемлекеттік қолдау шаралары жөнінде толық ақпарат ұсыну және бизнес жүргізудегі өзекті мәселелерді шешуге көмектесу болды. Кездесуге келген азаматтар Палата мамандарының тегін консультацияларымен қамтамасыз етілді.
Бухгалтер-кеңесші кәсіпкерлерге салық салу, онлайн-ККМ және кассалық тәртіп, POS-терминалдар, бухгалтерлік есеп жүргізу, есептілікті тапсыру, ЖК мен ЖШС тіркеу, оңайлатылған салық режимі және басқа да бухгалтерлік сұрақтар бойынша егжей-тегжейлі түсіндірме жұмыстарын жүргізді. Менеджер-кеңесші кәсіпкерлікті қолдау шаралары, гранттар, «Даму» қорының бағдарламалары, мемлекеттік субсидиялар, оқыту жобалары, маркетинг және бизнесті дамыту бағытында кеңес берді. Палатаның заңгері кәсіпкерлерге жалдау шарттарын жасау және бұзу, құқық қорғау, тексерістер, айыппұлдар, еңбек қатынастары, тұтынушылар құқығы және басқа да құқықтық мәселелер бойынша нақты ұсыныстар жасады.
Іс-шараға қатысқан қаржылық және қолдау институттарының өкілдері – Халық банкі, ForteBank, «Даму» кәсіпкерлікті дамыту қоры» АҚ, Кәсіпкерлерге қызмет көрсету орталығы (КҚКО) – қатысушыларға қаржыландыру шарттары, несиелеу, кепілдік беру, мемлекеттік бағдарламалар, субсидиялау және кәсіпкерлерді қолдаудың басқа да бағыттары бойынша егжей-тегжейлі ақпарат берді.
Сонымен қатар, іс-шара барысында кәсіпкерлердің тәжірибесін бөлісуге арналған арнайы сессия ұйымдастырылды. Жеке табысты кәсіпкерлер өз жетістіктерімен бөлісіп, бизнесті тиімді басқару, нарықтағы бәсекелестікте алға шығу жолдарына қатысты кеңестер берді. Кәсіпкерлер өздері туындаған мәселелерді мамандарға тікелей қойып, нақты шешімдер алу мүмкіндігіне ие болды.
Ашық есік күні кәсіпкерлердің мемлекеттік қолдау шараларын түсінуін арттырып, өз бизнесін дамытуда нақты қадамдар жасауға мүмкіндік берді, жаңа кәсіпкерлік идеяларды іске асыруға бағытталған тәжірибе алмасу алаңы болып, өңірлік экономиканың дамуына қосымша серпін берді. Іс-шара соңында қатысушылар өз ризашылығын білдіріп, осындай кездесулердің тұрақты түрде өткізілуін және кәсіпкерлер үшін тиімді әрі ақпараттық-практикалық платформаға айналуын сұрады.
