Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Жаңа жағдайдағы Қазақстан: іс-қимыл кезеңі» атты Қазақстан халқына арнаған Жолдауында «Цифрландыру – сәнге айналған үрдіске ілесу емес, ұлттың бәсекеге қабілеттілігін арттырудың негізгі құралы» екенін атап, елдегі цифрлы теңсіздікті жойып, барлық азаматтарды сапалы интернетпен қамтамасыз ету қажеттігін тапсырған-ды.
Биылғы Жолдауда Президент «Жасанды интеллект дәуіріндегі Қазақстан: өзекті мәселелер және оны түбегейлі цифрлық өзгерістер арқылы шешу» тақырыбында әлеуметтік мәселелерді цифрлық технологияларды пайдалана отырып шешу міндетін айқындады. Осы мақсатта Түркістан облысында цифрландыру, мемлекеттік қызметтер көрсету және архивтер басқармасы мен «Jusan Mobile» АҚ бірлесіп, байланысы жоқ шалғай елді мекендерді ғарыштық байланыс жүйелері арқылы интернетпен қамтамасыз ету жобасын іске асырды.
Осы бағытта бүгін Отырар ауданының Қостерек елді мекенінде «Қолжетімді интернет» ұлттық жобасы аясында қоғамдық Wi-Fi тарататын заманауи OneWeb спутниктік жүйесі орнатылып, пайдалануға берілді. Іске қосылған жүйені Отырар ауданы әкімінің орынбасары Айдос Құлмаханов пен «Jusan Mobile» АҚ-ның Түркістан облысы бойынша директоры Нұрбол Баураев таныстырып, технологияның артықшылықтары мен мүмкіндіктеріне тоқталды.
«Jusan Mobile» АҚ-ның өкілі Түркістан облысында байланысы мүлдем төмен ауылдық елді мекендерге, атап айтқанда Арыс қаласының Бұлақ, Ақтас, Дарбаза, Қазығұрт ауданының Өгем, Келес ауданының Тартоғай, Түлкібас ауданының Иірсу, Шардара ауданының Құйған және Отырар ауданының Қостерек ауылдарына заманауи OneWeb спутниктік жүйесін орнатып, қоғамдық Wi-Fi интернетін жергілікті тұрғындардың еркін пайдалануына бергенін жеткізді.
Аудан әкімінің орынбасары Айдос Құлмаханов өз сөзінде шалғай елді мекендерге кең жолақты интернеттің қолжетімділігін қамтамасыз ету бағытындағы жұмыстарға тоқталып, тұрғындардың білім алу, электрондық мемлекеттік қызметтерді пайдалану және онлайн кәсіпкерлікпен айналысу мүмкіндіктерінің кеңейгенін атап өтті.
Бұл жобаның іске асуы шалғай ауыл тұрғындарының цифрлық теңсіздікті жеңіп, ақпаратқа қол жеткізуін қамтамасыз етіп, білім мен қызметтерге қолжетімділікті арттыруға үлкен серпін береді. Сондай-ақ, заманауи байланыс инфрақұрылымы ауылдық жерлердегі экономикалық даму мен әлеуметтік тұрмыс сапасын көтеруге маңызды ықпал етеді.
