2025 жылғы 8–9 желтоқсан күндері Қостанай қаласында Қазақстан халқы Ассамблеясының 30 жылдығына арналған «Бірлік пен келісімнің 30 жылы» жалпыұлттық іс-шаралар жоспары аясында Студенттік Ассамблеялардың I Республикалық форумы өтті. Форум Қазақстан халқы Ассамблеясы (ҚХА) Хатшылығы мен «Ассамблея жастары» РҚБ бірлесіп ұйымдастырылды және жастардың көшбасшылық, мәдениетаралық қарым-қатынас, өзекті жобаларды дамытуға арналған бірегей алаңға айналды.
Екі күндік бағдарлама барысында қатысушылар ішкі және мәдениетаралық көшбасшылық, студенттік өзін-өзі басқару жобаларына инвестициялар тарту тақырыптарында шеберлік сабақтарына қатысты. «Өңірлердегі студенттік ассамблеялардың жұмыс тәжірибесі» тақырыбында панельдік сессия ұйымдастырылып, өңірлік тәжірибе, тиімді практикалар мен үздік бастамалар кеңінен талқыланды. Сонымен қатар, студенттік Ассамблеялар қызметінің өзекті бағыттарын айқындайтын роадмап-сессия да өткізілді.
Форумның пленарлық бөлімінде ҚХА Төрағасының орынбасары Марат Алмасұлы Әзілханов, Қостанай облысының әкімі Құмар Іргебайұлы Ақсақалов және мемлекеттік органдар өкілдері құттықтау сөз сөйлеп, форум қатысушыларына жаңа бастамаларға шабыт берді.
Түркістан облысының белсенділері де марапаттарға ие болды. Қостанай облысының Студенттік Ассамблеяларына сертификаттар табысталып, белсенді «Түркістан Болашақ» жоғары көпсалалы колледжінің Қазақстан халқы Студенттік ассамблеясының төрағасы Жарылқасын Аружан Берікқызы Қазақстан халқы Ассамблеясының төрағасы орынбасары М. Әзілхановтың алғыс хатына ие болды. Сондай-ақ, «Түркістан жоғары көпсалалы қол өнер колледжі» МКҚК-нің Қазақстан халқы Студенттік ассамблеясының төрағасы Чжен Кристина Владимировна Қазақстан Республикасының Оқу-ағарту министрлігінің вице-министрі Ш. Ақпарованың алғыс хатымен марапатталды.
Форум барысында Түркістан облысынан сөз сөйлеген Жарылқасын Аружан Берікқызы өңірдегі белсенді жастардың атқарған жұмыстары мен алдағы уақыттағы жоспарларын таныстырып, тәжірибелерін бөлісті. Сонымен қатар, форумға қатысушылар республикалық деңгейде өз жобаларын таныстырып, жаңа білім мен тәжірибе жинақтады.
Бұл форум – еліміздің жас көшбасшылары үшін тәжірибе алмасу алаңы ғана емес, жастар арасындағы бірлік пен келісімді нығайтатын маңызды платформаға айналды. Қатысушылар арасында өңірлер арасындағы тәжірибе алмасу, ынтымақтастықты дамыту және жастардың қоғамдық-саяси белсенділігін арттыруға бағытталған жаңа идеялар мен жобалар да енгізілді.
