Түркі әлемінің рухани астанасы Түркістанда тағы бір тарихи күн тіркелді. Қалада Орта Азиядағы теңдесі жоқ заманауи «Ескек есу» арнасының ашылу салтанаты өтіп, оған 20 мыңнан астам адам қатысты. Бұл оқиға тек спорт нысанының ғана емес, өңірдің дамуының жаңа кезеңінің басталғанын білдіретін символикалық маңызға ие болды. Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасына сәйкес, елімізде спорт инфрақұрылымы қарқынды дамып келеді, ал Түркістандағы «Ескек есу» каналы осы стратегиялық бағыттың жарқын көрінісі болып отыр. Арна халықаралық стандарттарға толықтай сай, академиялық есу, байдарка мен каноэ, триатлон, параканоэ және ашық суда жүзу сияқты спорт түрлеріне бейімделген. Бірегей кешенде 500-ге жуық спортшы тұрақты түрде жаттығуға мүмкіндік алады және Азия мен әлемдік деңгейдегі жарыстарды өткізуге толық әлеуетке ие, бұл Қазақстанды халықаралық спорт аренасында жаңа деңгейге көтеруге жол ашады.
Салтанатты шара барысында Халықаралық байдарка және каноэ есу федерациясының президенті Томас Кониецко мен Қазақстан «Қайық» федерациясының президенті Асланбек Мерғалиев тарихи меморандумға қол қойып, Түркістанды Орталық Азиядағы алғашқы есу спорты хабына айналдыруға жол ашты. Сөз сөйлеген Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеров бұл нысан болашақ Олимпиада чемпиондарын тәрбиелейтін алтын ұя болатынын атап өтті. Сонымен қатар, ҚР Туризм және спорт министрі Ермек Мырзабосынов еліміздің халықаралық спорт аренасында жаңа деңгейге шығуына Түркістандағы осындай нысандардың қосқан үлесін ерекше бағалады.
Ашылу салтанаты тек спорттық шарамен шектелмей, «Turkistan Water Fest & Sky Lights» фестивалі аясында халықтық мерекеге айналды. Қала тұрғындары мен қонақтар су үстіндегі шоу, флайборд көрсетілімдері, лазерлік және фонтан қойылымдарын тамашалап, Түркістан аспанын түрлі-түсті әуе шарлары, отшашулар және лазерлік эффектілермен жарқырағанын көрді. Кештің жүргізушілері ретінде белгілі тележүргізушілер Динара Сәтжан, Еркебұлан Мырзабек және Марат Оралғазин өнер көрсетіп, шараға қатысушылардың көңілін көтерді.
Түркістандағы «Ескек есу» каналының ашылуы өңірдің спорттық және туристік әлеуетін арттыратын жаңа белес болып табылады. Бұл нысан жас спортшыларға кәсіби дамуға жол ашып қана қоймай, халықаралық жарыстарды өткізу мүмкіндігін беріп, Түркістанды Орталық Азиядағы спорт және мәдени туризмнің маңызды орталығына айналдыруға жол ашады. Мерекелік іс-шараның көрнекті әрі мәдени форматта өтуі Түркістанның мәдени өмірінде есте қаларлық оқиға ретінде тарихқа енді.
