Түркістан облысы, Кентау қаласының арнайы экономикалық аймағында газ қазандықтарын шығаратын өндіріс орны ресми түрде іске қосылды. Жобаны іске асыруға «TURAN Shenhua» ЖШС 2,4 млрд теңге инвестиция салуда. Кәсіпорынның жалпы ауданы 2 500 шаршы метрді құрайды. Мұнда жылына 30 мың дана газ қазандықтары шығарылады, олар нарықта жоғары сұранысқа ие өнім болып отыр. Жаңа зауыт қаланың 40 азаматын тұрақты жұмыспен қамтып, өңірдің өндірістік әлеуетін арттыруға, экономиканы дамытуға өз үлесін қосады.
Түркістан облысы әкімінің орынбасары Нұрбол Тұрашбеков жаңа зауытты іске қосу рәсіміне қатысып, жобаның жұмысына сәттілік тіледі.
– «Бүгін біз Түркістан облысы үшін ғана емес, жалпы еліміз үшін аса маңызды жобаның басталуына куә болып отырмыз. Ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев шағын және орта кәсіпкерлік саласына инвесторлар тартуды және оны дамыту қажеттігін тапсырды. Осы бағытта Түркістан облысында нақты жұмыстар қолға алынып, инвесторлармен келіссөздер жүргізілді. Соның нәтижесінде Кентауда газ қазандықтарын шығаратын зауыт ашылып отыр. Жобаны жүзеге асырған инвесторларға алғысымды білдіремін. Жаңа бастамаға сәттілік тілеймін!» – деді облыс әкімінің орынбасары.
Айта кетейік, Кентау қаласында арнайы экономикалық аймақ (АЭА) және индустриалды аймақ жұмыс істейді. Сондай-ақ, «Қарнақ» шағын өнеркәсіп паркін ашуға 9,3 гектар жер бөлінген. АЭА-ның жалпы жер көлемі – 35 гектар және толық инфрақұрылыммен қамтамасыз етілген. Қазіргі уақытта осы аймақта 2 жоба жүзеге асырылған: «KentauRedStar» ЖШС кірпіш шығару зауыты және «Темір бетон» ЖШС темір бетон бұйымдарын шығаратын кәсіпорыны толық іске қосылған. Биыл тағы 5 жаңа жоба іске асып, қосымша 150 жұмыс орны ашылмақ.
Индустриалды аймақтың жалпы ауданы – 43 гектар. Бұл аумақта 10 жоба жүзеге асырылмақ, нәтижесінде 309 жаңа жұмыс орны құрылуы жоспарлануда. Инвесторларды тарту, өндіріс орындарын ашу және өндірістік әлеуетті арттыру бойынша жұмыстар жүйелі түрде жүргізілуде.
Сонымен қатар, жаңа зауыт өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуына тың серпін бермек. Кәсіпорын жергілікті тұрғындарға тұрақты табыс көзі болып қана қоймай, техникалық және кәсіби дағдыларды жетілдіруге мүмкіндік беретін тренингтер мен оқу бағдарламаларын ұйымдастыруды жоспарлап отыр. Бұл өз кезегінде өңірдің индустриалды дамуындағы сапалы және тұрақты өсімді қамтамасыз етеді.
Жаңа кәсіпорынның іске қосылуы Кентау қаласының ғана емес, Түркістан облысының жалпы экономикалық дамуына айтарлықтай үлес қосады. Зауыттың өнімдері еліміздің барлық аймақтарына және көрші елдерге экспортталу мүмкіндігі бар, бұл өңірдің экспорттық әлеуетін арттырып, инвестициялық тартымдылығын күшейтеді.
Бұл жоба – Кентау қаласындағы өндіріс орындарын көбейту, жұмыс орындарын құру, экономикалық өсім мен индустриалды дамуға бағытталған нақты қадамдардың айқын көрінісі.
