Басты жаңалықтар

ТҮРКІСТАНДА ҚАЛА ТҰРҒЫНДАРЫНЫҢ ҚАУІПСІЗДІГІ МАҚСАТЫНДА 40 МЫҢҒА ЖУЫҚ ЖАРЫҚШАМ ОРНАТЫЛҒАН

Түркістан қаласында тұрғындардың қауіпсіздігін арттыру, қоғамдық кеңістіктердің қолайлылығын күшейту және қала инфрақұрылымын жаңғырту мақсатында күрделі әрі жүйелі жұмыстар жүргізілуде. Соның ішінде көше жарықтандыру бағытындағы шаралар ауқымы жылдан жылға өсіп келеді.

Қазіргі таңда қала көлемінде 37 302 дана заманауи жарықшам орнатылған. Олардың барлығы электр қуатын үнемдейтін LED технологиясымен жабдықталған. Бұл шешім қала бюджетінің шығынын азайтып қана қоймай, экологиялық жүктемені төмендетуге, жарықтандыру сапасын арттыруға мүмкіндік береді.

Сонымен қатар, биыл 30 көше мен бірнеше шағынаудан аумағында жаңадан жарықтандыру желісін тарту, электр шамдарын орнату және тіректерді алмастыру жұмыстары жүргізілуде. Орнатылған жүйе толықтай автоматтандырылған: шамдар кешкі 18:20-да қосылып, таңғы 05:00-де автоматты түрде сөніп, тұрақты режимде жұмыс істейді. Бұл түнгі уақытта қала тұрғындарының еркін және қауіпсіз қозғалуына, қылмыс деңгейінің төмендеуіне, жол қозғалысы қауіпсіздігінің артуына елеулі ықпал етеді.

Жобаның қосымша әсерлері мен нәтижелері:
• Көшелердегі жарық сапасы 40–50%-ға жақсарды;
• Қала ішілік жолдарда жол-көлік оқиғаларының саны азая бастады;
• Қоғамдық орындарда тәулік бойы қауіпсіздік деңгейі артты;
• Туристер мен қала қонақтары үшін қолайлы орта қалыптасуда;
• Энергия үнемдеу есебінен бюджетке түсетін жүктеме айтарлықтай азайды.

Қала әкімдігі инфрақұрылымдық жобалардың сапасына ерекше назар аудара отырып, техникалық қадағалау қызметтері арқылы құрылыс және монтаж жұмыстарына тұрақты бақылау жүргізеді. Мердігер мекемелер үшін сапасыз немесе техникалық талаптарға сай келмейтін жұмыстарға жол бермеу қатаң талап ретінде қойылған.

Жарықтандыру жұмыстары келешекте де жалғасын табады:
• Жаңадан бой көтерген Байық, Отырар, Әдия, Нұр-Сұлтан шағынаудандарын толық жарықтандыру;
• Қала іргесіндегі жаңа тұрғын алаптарда қосымша 5 мыңға жуық жарық нүктелерін орнату;
• Аулалар мен қоғамдық саябақтарда жарық жүйесін кеңейту;
• Тозығы жеткен 1200-ге жуық бағананы ауыстыру;
• Веложолдар мен жаяу жүргіншілер жолдарын LED-прожекторлармен қамту;
• Жарықтандыру желісін «ақылды қала» концепциясы бойынша цифрландыру.

Бұл жұмыстар Түркістанды қауіпсіз, заманауи және жайлы қала ретінде дамытуға бағытталған кешенді жоспардың маңызды құрамдас бөлігі болып табылады.

Қатысты жаңалықтар

50 мың теңгенің кімдерге берілетіні белгілі болды

Bastynews

ТҮРКІСТАНДА ҚАЗАҚЫ ҮЛГІДЕГІ КИІЗ ҮЙЛЕРМЕН КӨМКЕРІЛГЕН ҚОНАҚҮЙ САЛЫНАДЫ

bastynews

ҚР ПРЕЗИДЕНТІ ҚАСЫМ-ЖОМАРТ ТОҚАЕВТЫҢ «ӘДІЛЕТТІ ҚАЗАҚСТАН: ЗАҢ МЕН ТӘРТІП, ЭКОНОМИКАЛЫҚ ӨСІМ, ҚОҒАМДЫҚ ОПТИМИЗМ» АТТЫ ҚАЗАҚСТАН ХАЛҚЫНА ЖОЛДАУЫНАН

bastynews