Ақпарат Мәдениет

ТҮРКІСТАН ОБЛЫСЫНДАҒЫ ЖЕКЕМЕНШІК МЕКТЕПТЕРДІ ЖАҢА ЖҮЙЕМЕН ҚАРЖЫЛАНДЫРУ БАСТАЛДЫ

Түркістан облысында жекеменшік мектептерді қаржыландыру тетігі жаңа жүйеге көшірілді. Бұл – білім беру ұйымдарының ашықтығын арттыруға, бюджет қаражатының тиімді жұмсалуын қамтамасыз етуге және оқушылардың нақты қатысу деректерін цифрлық бақылауға бағытталған маңызды реформа.

Қазіргі таңда облыс бойынша мемлекеттік тапсырыс алатын 157 жекеменшік мектеп жұмыс істейді. Аталған ұйымдар 2024–2025 оқу жылының соңына дейін «Қаржы орталығы» АҚ арқылы қаржыландырылған болатын.

Талдау нәтижесінде анықталған мәселелер
Жүргізілген мониторинг пен деректерді салыстыру барысында оқушыларды есепке алу және қаржыландыру рәсімдерінде бірқатар сәйкессіздіктер анықталды.
Атап айтқанда:
• Ұлттық білім беру дерекқорында мемлекет есебінен оқып жатыр деп тіркелген оқушылардың іс жүзінде басқа мектепте білім алатыны белгілі болды;
• Жекеменшік мектептер ұсынған кейбір мәліметтер нақты қатысу көрсеткіштерімен сәйкес келмеді;
• Әртүрлі базалардағы ақпараттар арасында үйлесімсіздік байқалды.

Бұл мәселелерді шешу және қаржыландыру процесін толық цифрландыру мақсатында елімізде жекеменшік мектептерді қаржыландырудың жаңа пилоттық жобасы іске қосылды. Енді төлемдер ҚР Қаржы министрлігінің «e-Qazyna» ақпараттық жүйесі арқылы автоматты түрде жүргізіледі.

Жаңа жүйе қалай жұмыс істейді?
• Әр мектеп ҚР Қаржы министрлігінің «Ақпараттық есептеу орталығы» АҚ әзірлеген «e-Qazyna» порталына тіркеліп, қажетті құжаттарды жүктейді;
• Қызмет көрсету бойынша келісімшарт электронды түрде рәсімделеді;
• Оқушылардың нақты қатысуы және олардың басқа ұйымға ауысуы туралы ақпарат BilimClass.kz платформасы арқылы тексеріледі;
• Деректер расталған соң көрсетілген қызметтің орындалу актісі қалыптастырылып, төлем «Қаржы орталығына» жолданады.

Ағымдағы жағдай
Бүгінде өңірдегі 157 мектептің ішінде 110 мектепке қаржы толық аударылды. Бұл – 25 мыңнан астам оқушы мен 4 мыңнан астам педагог және қызметкер бойынша құжаттар толығымен расталып, төлемдердің орындалғанын білдіреді.
Қалған жекеменшік мектептер бойынша тексеру процестері жалғасуда. Оқушылардың сабаққа қатысуы, ауысу және қайта тіркелу деректері нақты уақыт режимінде салыстырылады. Барлық ақпарат нақтыланғаннан кейін төлемдер жыл соңына дейін толық жүргізіледі.

Маңызды қағида – “Қаржы нақты оқып жүрген балаға ғана бөлінеді”
Жаңа жүйе жауапкершілікті арттырып, есеп беру тәртібін біріздендіреді. Енді әрбір жекеменшік мектеп қаржыландыруды тек ресми жүйелерде расталған мәліметтер негізінде алады. Бұл өз кезегінде:
• бюджет қаражатының ашық әрі әділ бөлінуін қамтамасыз етеді;
• оқушылардың шынайы деректерінің дұрыс жүргізілуін талап етеді;
• «формалды тіркеу» тәжірибесін болдырмайды.

Білім басқармасы:
Ешбір жекеменшік мектеп назардан тыс қалмайды. Қаржыландыру толық әрі әділ тәртіппен жүзеге асырылады.

Қатысты жаңалықтар

Средняя зарплата в Казахстане: цифры и реальность

bastynews

ӨСКЕЛЕҢ ҰРПАҚТЫҢ БАҚЫТЫ МЕН БЕРЕКЕЛІ ӨМІРІ – ОРТАҚ МАҚСАТ

bastynews

УАҚЫТША МОБИЛЬДІ БРИГАДАЛАР ҚҰРЫЛАДЫ

Bastynews